Астана күніне орай қуаттылығы сағатына 15 тонна құрама жем өндіретін жаңа зауыт іске қосылды - Ақмола облысы (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана күніне арналған телекөпір барысында Көкшетау қаласының іргесіндегі Станционный кентінде Германияның жаңа технологиясымен жабдықталған, қуаттылығы сағатына 15 тонна құрама жем өндіретін жаңа зауыт іске қосылды.

«Концерн AGRAVIS» зауытының құрылысы өткен жылы басталған еді. Мұндағы мақсат - AGRAVIS концернінің инновациялық технологияларын қолдану арқылы елімізде сапасы жоғары үй жануарлары мен құстарға арналған толық рационды құрама жем өндіру болып табылады.

Бүгін Индустрияландыру күніне орай аталған зауыт іске қосылып отыр. Жобаның жалпы құны - 1 миллиард 200 миллион теңгеге бағаланған.

"Біздің «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ құрылымындағы компания - «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның ҚР Ұлттық қорынан 634 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қаржыландыру талаптары да жылдық көрсеткіші бойынша 6 пайыз ғана. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде құрама жем зауытына коммуникация жүйесі толығымен тартылды", - дейді "ҚазАгро" АҚ-ның жергілікті жердегі өкілдері.

Тағы бір ескере кететін жәйт, аталған зауыт AGRAVIS концерннің мал азығын дайындаудағы көпжылдық тәжірибесі ескеріліп, солардың технологиясы бойынша салынған. Ішіндегі қондырғылар жетекші швейцар өндірушісі Bühler желісімен жабдықталып, монтажын «Bosche Systembau GMBH» фирмасы жүзеге асырған.

Сондай-ақ, аталған зауыт Қазақстанның индустриалды картасына енгізілгендіктен, мемлекет тарапынан қолдау-көмек көрсетілуде. Қазірдің өзінде жер-жерден сұраныс түсе бастады. Ал, құрылыс жұмыстарын «АгроТрейдинг - 2007» серіктестігі жүргізген.

"Бұдан былай, осы жерде өндірілген біздің құрама жемді Ресейдің Омбы, Түмен облыстары мен көрші Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылықтары тұтынатын болады. Кәсіпорын Германияның жаңа технологияларымен қамтамасыз етілген. Сағатына 15 тонна құрама жем өндіру мүмкіндігі бар. Құрылыс басталғаннан бері 24 адам жұмыс атқарып жатыр. Толық қуаттылығына көшкен кезде 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады", дейді "АгроТрейдинг - 2007" ЖШС-нің директоры Сергей Миленко.

Соңғы жаңалықтар