Астана күні мерекесінде өңірлерде қандай іс-шаралар өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана күні мерекесі республиканың түкпір-түкпірінде кең ауқымда аталып өтпек. Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Оксана Лоскутова алда келе жатқан мереке құрметіне орай облыс-облыстарда өтетін іс-шаралар легімен таныстырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оксана Лоскутованың айтуынша, аптаның бірінші күнінен-ақ Астананың жетістіктеріне құрмет көрсету басталып кеткен. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысы елорданың 19 жылдығына «Менің Елім» патриоттық акциясын арнаса, Өскеменде болашақтың қаласы - Астана туралы бейнефильмдер көрсетумен виртуалды интерактивті саяхат ұйымдастырылған.

Ал 4 шілде күні Тараз қаласында «Ән-жырым саған, Астана!» фестивалі және «Астана - тәуелсіздік тірегі!» атты фотокөрме аясында би топтары арасында конкурс өтсе, Павлодар қаласында интеллектуалдық ойын болмақ.

6 шілде күні Астананың туған күнінің құрметіне барша Қазақстан бойынша салтанатты шаралар болады. Олардың арасында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен көппәтерлі  тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Тараз қаласында «Саған арналады, Астанам!» атты түрлі этностар өкілдерінің қатысуымен жалпы кросс және фестиваль өтеді.

Қарағандыда Астана қаласының қалыптасу кезеңдеріне арналған ҚР Президентінің үзеңгілестерімен кездесу өткізіледі. 

7 шілдеде  Павлодар облысында жастар арасында грек-рим күресі бойынша облыс Чемпионаты басталса, Қостанай облысында тоғызқұмалақ бойынша республикалық турнир ұйымдастырылады. 

Дәл осы күні Шығыс Қазақстан облысында «Алтын Тұрғысын» халық шығармашылығының халықаралық фестивалінің ашылуы өткізіледі. Сондай-ақ юниорлар мен жасөспірімдер арасында «Қазақстан үміті» атты республикалық көпкүндік веложарыс басталады. 

8 шілде күні Павлодар облысында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналған ардагерлер арасында дуатлон бойынша ашық чемпионат ұйымдастырылады. 

Қостанай облысында «Қостанай-Қазан-Сабантой-2017» республикалық мерекесі өтеді.

Соңғы жаңалықтар