Астана күні мерекесі жалғасуда

None
None
СТАНА. Шілденің 5-і. ҚазАқпарат - Астана күні мерекесіне орай әзірленген мәдени іс-шаралар бүгін де өз жалғасын табуда. Қала мерекесінің екінші күнінде елордалық қонақтар мен тұрғындар үшін кезекті мәдени іс-шаралар мыналар болмақ.

Таңғы сағат 10:00-ден елорданың барлық саябақтарында, скверлерінде қала халқы мен қонақтарының көңіл көтеруіне мүмкіндік беретін іс-шаралар өтеді. Ұйымдастырушылар қалалықтар мен Астана қонақтарына тақырыптық бағыттар бойынша бөлінген 5 интерактивті жоба ұсынады. «Спорт және мен» спорттық жарыстарын қылжақбас-аниматорлар жүргізеді. Мұның барлығы сахнадағы цирк әртістері және музыка мен би ұжымдарының қатысуымен өтеді. «Балалықтың сиқырлы елі» мерекелік шарасы Қаржы министрлігі алдындағы скверде балаларды ертегілік қойылымдар, жарқын цирк бағдарламасы, сондай-ақ байқаулар, ойындарымен күтеді. «Астананы жырлаймыз» бағытында Aстана тұрғындарына арнайы концерттік бағдарламаны Степногор қаласының тұрғындары әзірлеген. «Жұлдызы жарқыраған - Астана» бағдарламасында «Шаттық» балалар шығармашылық фестивалі түріндегі балалар ұжымының, жас әртістер мен музыканттардың орындауындағы ұлттық шығармашылық ұсынылады. «Қазақ дастаны» жобасында жас әртістер мен музыканттардың орындауында қазақ халқының ұлттық шығармашылығы, республикада тұратын әртүрлі ұлттардың әдеп-ғұрыптары көрсетіледі.

«Дәулет» спорткомбинатында сағат 10:00-де «Алтын сақа» ұлттық асық ату ойыны бойынша ІІ ашық қалалық турнир басталады. Астана тұрғындары мен қала қонақтары Қазақстанның спорттық жылнамасында екінші рет өткізіліп жатқан осы нағыз халықтық ойынды тамашалауға мүмкіндік алады. Турнирді өткізу аясында қатысушылар мен көрермендер арасында асық ату ойыны бойынша әдістеме құралы таратылады.

Сондай-ақ бүгінде «Астана - шаттық» автокеруені концерттік бағдарламамен елорданың Көктал, Өндіріс, Железнодрожный, Мичурин және Ильинка елді мекендерін аралауды одан әрі жалғастырады.

Кеше ауыл шаруашылығы өнінмдерінің жәрмеңкесіне бара алмаған қалалықтар бүгін қажетті азық-түліктерді орташа нарықтық бағадан 15-20 пайызға төмен сатып алуға мүмкіндігі бар. Сағат 10:00-ден бастап қаланың үш ауданында, Абылай хан даңғылы бойында, Есіл аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы және «Шапағат» базары аумақтарында ұйымдастырылған өндірушілердің бағасымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеге Астананың және Ақмола мен Қарағанды облыстарының 60-тан астам тауар өндірушілері қатысады.

Абай ескерткішінің жанында сағат 11:00-де «Ұлттық рух, елдік сана, нұрлы Астана!» деп аталатын кітап пен поэзия мерекесі өтеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде Қала күні қарсаңында өткізілетін Кітап фестивалінің басты мақсаты - Қазақстанның ақын-жазушыларының шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Мерекелік іс-шара қазақ ұлтының тарихы мен салт-дәстүріне құрылған «Менің елім» ойын-сауық сұрақ-жауап сайысымен жалғасын табады. Сұрақ-жауап сайысы театрландырылған сахна үлгісінде жүргізіледі. Ал жеңімпаздар кәдесыйларымен марапатталады.

Сағ. 11.00 Астаналық саябақта «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениетінің фестивалі өткізіледі. Астананың 10 жылдығына орай ұйымдастырылған аталған фестиваль көпшілік тарапынан қызығушылық туғызып, мереке күндері барша қала тұрғындарының назарын аудартқан еді. Сондықтан шараны ұйымдастырушылар бұл фестивальді жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған. Фестиваль көшпелілер өркениетінің ерекшеліктерін, қала мен дала мәдениеті, кешегі мен бүгінгі сынды қарама-қайшылықтардың бірлігін тамаша үйлестіре білді. Биылғы жылы фестиваль бағдарламасына «Көне қала - Бұзоқ», «Қымыз орталығы», «Әзіл-оспақ сайысы», «Алтыбақан» аясындағы жастар кеші» және басқа да жаңа мерекелік шаралар қосылды. Үш күнге созылатын фестиваль қызықты шараларға қанық. Осы күндері хан шатыры пошымында көтерілген басты сахналық алаңда дәулескер күйшілер түркі әуендерін күмбірлетеді. Бағдарлама аясына «Көшпенділер көкжиегі» деген атпен ақындар айтысы енгізілген.

Шілденің 4-і мен 6-сы аралығында өтетін аспаздық фестивалі де келушілерді күтеді. Үш күннің ішінде Астананың атақты мейрамханалары, дәмханалары мен аспаздық орындары қазылар алқасы мен халықтық сарапшыларға әртүрлі ұлыстардың асханалары мен өздерінің фирмалық тағамдарын ұсынады. Аспазшылардың арасынан ең үздігін анықтауға кез келген зауықты адам қатыса алады.

Сондай-ақ «ЦУМ» СО, «Мегацентр Астана» СОО, «Сарыарқа» СОО, «Керуен» СОО, «Asia Park» СОО және басқа да сауда үйлері мен супермаркеттерде әрі қалалық алаңда бірнеше акция өткізіледі. Бұл күндер әдеттегідей дүкен аралаудан мүлде ерекше болмақ. Себебі сауда орталықтарында түрлі көрмелер, сатылымдар, ұлттық тағамдар көрсетілімі және лотерея ойындары ұйымдастырылып, мерекелік жеңілдіктер жасалады.

Сағат 15.00-де «Бәйтерек» кешенінің алаңында және Есіл өзенінің жағалауында «Астана және Президент» фотокөрмесі және Қазақстан суретшілерінің «Астананың жас келбеті» плэнері өтеді. «Бәйтерек» кешенінің экспозициялық кеңістігі 100-ге дейін фотожұмыс қоюға мүмкіндік береді. Кәсіби фотошеберлер көрмесі мұрағаттық фотоматериалдардан және Астана қаласының кәсіби фотошеберлері И.Бургандиновтың, В.Федюнинның, Н.Имамовтың, Ш.Барманқұловтың, В.Лещенконың жұмыстарымен толыға түскен.

Қазіргі орыс баритондарының үздігі, опера жұлдызы Дмитрий Хворостовский мен танымал композитор Игорь Крутойдың концерті де осы күні сағат 15-те «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді.

Астаналық циркте «Азия жаңғырығы» атты цирк өнерінің Халықаралық фестивалі одан әрі жалғасады. Фестиваль бағдарламасында үнді пілдері, уссурий жолбарыстары, африкалық арыстандар, түйелер, аттар, сондай-ақ Кения мен Қытайдан келген әртістердің бірегей акробатикалық көріністері, әуеде өнер көрсететін әртістер және сайқымазақтардың өнерлері көрермен назарына ұсынылады. Мәдени іс-шараға қатысушылардың арасында Мәскеу, Қытай, Латын Америкасы, Монте-Карлода өткен халықаралық байқаулардың жүлдегерлері мен лауреаттары бар.

Сағат 17.00-ден 21.00-ге дейін Бауыржан Момышұлы атындағы саябақтағы амфитеатр тамаша мерекелік бағдарламаның алаңына айналмақ. Бұл күндері саябақта «International street dance session» in Astana шоуы өткізіледі. Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары түрлі бағыттар мен стильге бөлінген көше мәдениеті сайыстарының куәгері бола алады. Шоу-бағдарлама қатысушыларының шеңбері кең. Бұл тамаша бағдарламада Қырғызстан, Ресей, Белорусь, Украина, Өзбекстан және Қазақстаның барлық аумақтарынан ат арылтып келген би ұжымдары өз өнерлерін көрсетеді.

Сағат 19.00-де К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында, сонымен бірге Астаналық саябақта «Астана - Арқау» түркі музыкасының фестивалі өтеді. «Астана-Арқау» фестивалінің концертінде аттары өз елдерінен тыс жерлерде белгілі жоғары деңгейдегі шеберлердің орындауында түркі халықтарының барлығына жуығының музыкасы ұсынылады. Жоғары бағаланатын және Батыс пен Шығыс тыңдаушыларын таң қалдыратын шамандық ән орындау, шаңқобызға арналған виртуоздық құрылымдар, көмеймен ән салу, эпикалық және аспаптық құрылымдар, Орта Азия мен Қазақстан, Қап тауы мен Анадолы, Еділ бойы мен Сібір түркілерінің әуен сарыны орындалады. Әртүрлі стиль мен мазмұндағы, оның ішінде ежелгі тәңірлік көзқараспен, ислам құндылығымен және ХХ ғасыр шындығымен байланысты әуендер орындалады.

Астаналықтардың сүйікті бағдарламасына айналып үлгерген «Өзен әуені» классикалық музыка кеші әдеттегідей Есіл өзенінің жағалауында сағ. 21.00-де өткізіледі. Бағдарламаның екінші күнінде көрермендер екі актілі «Жизель» балетін тамашалауға мүмкіндік алады.

Сағат 21:00-ден бастап «Студенттік» саябақта, «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда, сондай-ақ қалалық алаңдарда «Қайырлы кеш, Астана!» мерекелік бағдарламасы қанат жаяды және заманауи қазақстандық музыкасын қадір тұтатындар мен тыңдайтындарға ғажайып ән әлеміне шомуға мүмкіндік береді. Тұрғындар мен мереке қонақтарына мерекелік көңіл-күй қалыптастыру үшін қазақстандық орындаушылар оларға жанды дауыспен екі сағаттық концерт береді. Олардың жеке және қосылып орындауларында заманауи хиттар, сонымен қатар өткен жылдардың әндері айтылады. Көрермендердің назарына сауатты стильдегі ретро-әндер ұсынылады.

Астана мерекесінің екінші күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының ашылу салтанаты өтеді. Ашылу рәсімі сағат кешкі 10-да басталып, еліміздің барлық шығармашылық ұжымдарының қатысуымен қазақ халқының мәдениетін, болмысын көрсететін «Көшпенділер» театрландырылған 35-40 минуттік шеру өтеді. Осыдан кейін ұлттық мәдени орталықтардың би ұжымдары мен балет әртістері дайындаған 15 минуттік «Күн адамдары» қойылымы ұсынылады. Бағдарламаның келесі бөлімі есімі әлемге әйгілі танымал және классикалық әндерді нақышына келтіре орындаушы Андреа Бочелидің концертіне ұласады.

Соңғы жаңалықтар