«Астана» клубы өз жетістіктері арқылы елорда мен Қазақстанның атын әлемге әйгілеуі керек - Н. Назарбаев
2013 жылғы 4 шілде 19:07

«Астана» клубы өз жетістіктері арқылы елорда мен Қазақстанның атын әлемге әйгілеуі керек - Н. Назарбаев

АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - «Астана» клубы өз жетістіктері арқылы елорда мен Қазақстанның атын әлемге әйгілі ете түсуі керек. Бүгін елордада «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының салтанатты тұсау кесері барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы, аталмыш клубтың құрметті Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Елбасы өз сөзінде «Astana» президенттік кәсіби спорт клубы қатарында әлемдік аренада даңқы шыққан атақты спортшыларды топтастыра алғанын айтып, оның мүшелігіне ғаламат нәтижелер көрсеткен атлеттер енгенін жеткізді. «Бір кездері Гегель айтпақшы, «күштілер біріксе, онда оларды ешкім жеңе алмайды». Сондықтан да, мен біздің спортшыларымыздың нағыз жеңімпаз болғанын тілеймін. Алдыңғы қатарлы технологиялар, спорттық менеджмент біздің осы бағыттағы әлеуетімізді еселеп, мүмкіндік шекарасын онан сайын кеңейте түспек», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Елбасы жаңа клубтың атауына тоқтала келе, бұның зор міндеттер жүктейтінін де атап өтті. «Ендігіде клуб өз жетістіктері арқылы елорданың атын әлемге әйгілеп, сол арқылы бүткіл Қазақстан жаһанға танылуы тиіс. Жалпы, біз инвесторлардан осы клубқа барынша қолдау болуларын сұраймыз», - деген Нұрсұлтан Әбішұлы барша спортшылар мен жанкүйерлерді бүгінгі мерейлі күнімен құттықтады. «Біздің командамыздың аты әлемге әйгілі болады деп сенемін. Қуаныш құтты болсын», - деді Н. Назарбаев.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT