«Астана» қаржы орталығында 8 криптобиржа тіркелген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазіргі кезде «Астана» халықаралық қаржы орталығында 8 криптобиржа тіркелген. Бұл туралы АХҚО әкімшілігінің басқарма төрағасы Ернұр Рысмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АХҚО экожүйесінде сегіз криптобиржа тіркелген, тағы 19-ы тіркелуді жоспарлап отыр. Қамтамасыз етілмеген қанша криптоактив бар екендігі туралы ресми статистика жоқ. Кейбір мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда криптоактивтерді пайдаланушылар саны 100 000 азаматтан миллионға дейін жетеді. Егер жалпы көлем туралы айтатын болсақ, онда әртүрлі бағалаулар бар, яғни бірнеше миллиардтан бірнеше ондаған миллиардқа дейін жетуі мүмкін», - деді Е. Рысмағамбетов Сенаттың жалпы отырысында депутаттардың сұрағына жауап бере отырып.

Оның пайымынша, цифрлық активтер туралы заң майнинг саласындағы барлық процесті ретке келтіруге мүмкіндік беретін болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Заңы мен ілеспе құжаттар қаралды.

Сенаторлар талқыланған заңдарды концептуалды түрде қолдайтындарын білдірді. Алайда, оларды қарау барысында депутаттар жекелеген баптарға бірқатар өзгеріс енгізді. Осыған орай заңдарды сенаторлардың ұсыныстарымен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

Заңдардың мақсаты – цифрлық майнингті құқықтық реттеу мәселелерін шешу. Соның аясында аталған құжаттар елімізде цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, цифрлық майнинг жөніндегі қызметті дамытуға қажетті құқықтық база құруды көздейді. Сол арқылы заңдар цифрлық активтердің заңды нарығын қалыптастыруға, осы салаға шетелдік инвестицияларды тартуға және Қазақстан экономикасын дамытуға ықпал етпек.


Соңғы жаңалықтар