Астана қаласының Жастар театры Түркия жерінде

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың 11-24 сәуірі күндері аралығында Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» ұжымы Түркия жерінде гастрольмен болып, Кония және Ескішехір қалаларында жергілікті көрермендерге өз өнерлерін көрсетті.

Бұл сапарда астаналық Жастар театры «Кония мемлекеттік театры» Басқармасының ұйымдастыруымен болған 6-шы Халықаралық «Мың тыныс бір дауыс» фестиваліне қатысты. Қазақстан, Әзірбайжан, Болгария, Косово, Македония, Солтүстік Кипр, РФ және Түркия мемлекеттерінен барлығы 9 түркітілдес театрлар жиналған фестиваль 14 сәуір күні Кония қаласында қатысушылардың М.К.Ататүрік ескерткішіне гүл шоқтарын қою және салтанатпен жүріп өту рәсімімен ашылды.

Қазақстандық шығармашылық ұжымның жас әртістері фестиваль аясында 22 сәуір күні «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» шығармасын (авторы - Д.Саламат) Кония театрының сахнасына шығарды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер және театрдың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай сахналаған қойылым көрушілер тарапынан жылы қабылданып, фестивальді ұйымдастырушылардың арнайы марапатына ие болды.

Кония мемлекеттік театрынан Бенгису Гүрбүзер Доғрудың мәлімдегеніндей, бұған дейін ұйымдастырылған бес жылда 35 елден 45 өнер ұжымы қатысқан фестиваль қазіргі кезеңде тарихи тамырлас халықтарымыз үшін жылдың іргелі мәдени оқиғалары қатарынан саналып отыр.

Сонымен қатар, 19 сәуір күні Астана Жастар театры Түркі дүниесінің 2013 жылғы мәдениет астанасы болып танылған Ескішехір қаласына барып, жергілікті көрермендер алдында өнерлерін көрсетті.

Астана Жастар театрының Түркияға өнер сапары мен екі бірдей қалада өнер көрсетулері екіжақты байланыстардың ауқымын кеңейте түсуге үлкен үлес қосты және еліміздің өнерін шет мемлекеттерде таныту жолында атқарылған іргелі шаралардың бірі болды.

Соңғы жаңалықтар