Астана қаласы мен ШҚО әкімдіктері арасында 6 меморандумға қол қойылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскеменде Астана қаласының делегациясы мен Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік органдары өкілдерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әкімдік таратқан мәліметтерге қарағанда, «Өңірлер арасындағы аймақаралық ынтымақтастықты дамыту» ресми шараның негізгі тақырыбы болды.

Елорданың 20 жылдығына орайластырылған Шығыс Қазақстан облысындағы Астана күндері аясында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев басқарған астаналық делегация Өскемен қаласына ат басын тіреп, «Аймақаралық ынтымақтастық - Астана - Шығыс Қазақстан облысы» атты бизнес кездесуге қатысты.

Келіссөздер аясында екі жақтың іскер тобы мен мемлекеттік органдардың өкілдері кәсіпкерлікті қолдау бойынша өңірлік бағдарламаларды, МЖӘ жобаларын, экономиканы цифрландыру бойынша инновациялық шешімдерді, қызмет көрсету саласын дамыту және басқа да бағыттағы мәселелерді талқылады.

Шара соңында Астана мен Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік органдарының арасында аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі келісімдер жасалды. Тараптар 6 меморандумға қол қойды. Дәлірек айтқанда, Астана мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдіктері арасында өңіраралық кооперацияны дамыту, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандум бекітілді.

Бекітілген меморандумдардың қатарында Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мен Шығыс Қазақстан облысы индустриалды-инновациялық даму басқармасы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы, «Астана Innovations» АҚ және Шығыс Қазақстан облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы, «Астана» ӘКК» ҰК» АҚ мен СПК «Ертіс» ӘКК ҰК» арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы, сондай-ақ, «Астана Innovations» АҚ мен «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдар бар.

Естеріңізге сала кетейік, 18-20 шілде аралығында Шығыс Қазақстан облысында Астана күндері өткен болатын. Үш күн ішінде Семей мен Өскемен қалалары тұрғындарының назарына концерттік бағдарламалар мен елорда театрларының үздік қойылымдары ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар