Астана іргесіндегі ауылдарда жаңа мектептер қашан салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда іргесіндегі Максимовка, Қаражар, Қоянды, Қажымұқан, Қосшы ауылдарына мектептер қашан салынады және олардың сыйымдылығы қандай болады? Мәжілісмендердің осыған қатысты депутаттық сауалына Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаттары Астана маңындағы ауылдардың мәселесін көтерген болатын. «Ақ жол» фракциясы депутаттарының айтуынша, Астана түбіне шоғырланған ауылдарда халықтың саны күрт артқан. Анықталғандай, олардың кейбірінде 900 орындық мектепте шамамен 2700 оқушы білім алып жатыр. Ол мектептерде тек 1-сыныптың 16-сы бар.

Бұл мәселеге қатысты жауап берген Премьер-Министр Yкiмeт қаулысына сәйкес Астана агломерациясының құрамына Астана қаласынан бөлек, Ақмола облысы Ақкөл ауданының 4 ауылдық округi, Аршалы ауданының 13 ауылдық округi, Целиноград ауданының 18 ауылдық округі, Шортанды ауданының 11 ауылдық округi, сондай-ақ Қосшы, Қоянды, Қараөткел, Талапкер сияқты ауылдар кіретінін атап өтті.

«2018 жылы Целиноград ауданының Максимовка (300 орындық), Қаражар (120 орындық), Қоянды (1200 орындық), Қажымұқан (300 орындық) ауылдық елдiмекендерінде мектеп салу бойынша 4 жобаны іске асыруға және Ақмол ауылында мектеп салу бойынша (600 орындық) жобалау-сметалық құжаттаманы әзiрлеуге жалпы сомасы 1,1 млрд теңге бөлiндi. Ол қаражаттың 850 млн теңгесі республикалық бюджеттен, 283 млн теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған», - дейді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысының айтуынша, 2019-2020 жылдары Қажымұқан, Қоянды, Қосшы ауылдарында 3 мектеп салуға республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлу жоспарланған. Жоғарыда көрсетілген жобаларды iске асыру үш ауысыммен оқу және оқушы орындарының тапшылығы мәселесiн шешуге мүмкiндiк бередi.

«Ал Талапкер, Тайтөбе, Қараөткел, Жайнақ ауылдарындағы елдiмекендерде мектептер бiлiм беру желілерінің мемлекеттiк нормативiне сәйкес келедi», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы қазан айында жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында еліміздегі үшауысымдық мектептер мәселесіне нүкте қоюды тапсырған болатын.  

Соңғы жаңалықтар