Астана іргесіндегі ауыл екі күнге көшпенділер мекеніне айналады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 30 маусым мен 1 шілде аралығында Астана іргесіндегі Қабанбай ауылында «Көшпенділер әлемі» ІІІ халықаралық этномәдени фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, биыл фестиваль Астананың 20 жылдығына арналмақ. Шараны «KazakhTourism ҰК» АҚ елорда әкімдігі мен Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастыруда.   

Фестивальдің бағдарламасына кәсіби садақшылардың, көкпаршылардың, бүркітшілердің сайысы кіреді. Қонақтар алғаш рет сауыт-саймандары тарихи дереккөздерге негізделіп жасалған батырлардың көрсетілімдік жекпе-жегін тамашалай алады. Сондай-ақ батырлардың шабандоздық және ат үстінде шайқасу өнері көрсетіледі.

Фестиваль қонақтары көшпенділердің тұрмысымен танысуға, қазақстандық қолөнершілердің шеберлік-сабақтарын алуға мүмкіндік алады. Атап айтқанда, киіз басу, былғарымен, күміспен, көзеші ұршығымен жұмыс істеуді үйренуге, көшпенділердің тарихымен Сақ, Қаңлы, Үйсін, Ғұн, Скиф, Сармат, Тиграхауда, Массагет дәуірлерінің костюмді көрсетілімі арқылы танысуға, бүркітшілердің шеберлігі мен аушы құстардың сұлулығына тамсана алады. Осылайша сан қырлы этномәдениетті сезініп, халықтың өмірі мен салт-дәстүрлері туралы жаңа біліммен өздерін байыта алады. 

Бұдан бөлек, әлемге танымал этно-музыка орындаушыларының қатысуымен музыкалық бағдарлама әзірленеді.

Соңғы жаңалықтар