«Астана идеясы қазаққа не берді?» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Шілденің 3-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 3-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***
Қазақстан Магниткасына 50 жыл толды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев №4 домна пешінде мерекелік шойын алынуына қатысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Ел қуатының тірегі» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. басылымның баяндауынша, Елбасы бұдан соң қалалық Мәдениет сарайына келіп, қазақстандық тұңғыш шойын алынуының 50 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысушыларды құттықтаған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бірқатар азаматтарды еңбектегі ерен табыстары үшін мемлекетіміздің жоғары наградаларымен марапаттаған.

«Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжанның Қазақстандағы елшісі Лятиф Сейфеддин оглы Гандиловты оның біздің елдегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Кездесу барысында төраға Қазақстан мен Әзірбайжан арасында достық қатынастарды нығайтуда қомақты үлесіне орай Л.Гандиловқа алғыс айтып, дипломатқа алғыс хат табыс етті. Л.Гандилов өз кезегінде өзінің Елшілік қызметіне қолдау білдіргені үшін Қазақстан басшылығына ризашылығын білдірді.

Кеше Астанада Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қазақстандық дипломаттарды кәсіби мерекелерімен құттықтады. «Егемен Қазақстан» газетінің атап өтуінше, қазіргі таңда Қазақстан әлемнің 120-дан астам елімен жоғары дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Еліміздің сыртқы саясат мекемелері 60-қа тарта мемлекетте орын тепкен. Ал Қазақстанда әлемнің 60 елінің елшілігі мен 20 халықаралық ұйымы еңбек етуде.

***

«Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы Ғылыми-сараптамалық кеңес Астана күні мерекесіне және Қазақстан халқы ассамблеясының 15 жылдығына орай жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев: бейбітшілік және қоғамдық келісім идеясы» және «Қазақстан халқы ассамблеясы: тарихи очерк» кітаптарының тұсауын кесті», деп жазады «Айқын» газеті. Аталған жаңа басылымдар турасында газеттің сенбілік нөмірінен егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

«Айқын» газетінің сенбілік санында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирак Елекеевтің «Көркем. Көреген. Көсем» деген мақаласы жарияланды. «Бүгінгі таңда Тұңғыш Президентіміздің басшылығымен Қазақстан Республикасы толыққанды мемлекет болып қалыптасты және көптеген үлгілі-іргелі елдердің қатарына шықты. Халықаралық дәрежеде ізгілікті, зайырлы ел ретінде, озық мәдениетке, өркениетке қабілетті мемлекет, ұлт болып қабылданып отырмыз. Тәубә! Осы жарқын жетістіктеріміздің бәрі әлем таныған Елбасымыздың арқасы!», деп жазады мақала авторы.

***

«Алаш айнасы» газетінің сенбілік нөмірі толығымен елордамыз Астана қаласының мерекесіне арналған. Сондай мақалалардың бірі «Астана идеясы қазаққа не берді?» деген тақырыппен басылды. Астана - талай зерттеушілердің ықыласын туғызған сан қырлы феномен. Қат-қабат астары мол Астана феноменінің өзегі тарихы терең қазақ мемлекеттігінің нышаны, қазақтың төл болмысы, қазақ ұлтының жасампаздық келбеті болуы тиіс және солай болып та жатыр. Осы орайда басылым сол ғажап феноменнің бір парасы ретінде «Астана идеясы қазаққа не берді?» деген заңды сауалға шама-шарқынша жауап беруге тырысқан. «Бұған дейін астықты өңір мәртебесі бар Астана жобасы соңғы 12 жылдың бедерінде жалпыұлттық идеологияның құрамдас бөлігіне айналды. Астана идеясының мәні - отарсыздануға жасалған бетбұрыс, қазақтануға бағытталған ұлы көш еді. Осының арқасында мемлекетқұраушы ұлтқа кең мүмкіндіктер туып, орысы көп Арқада ұлттық идеология үстемдік алып, сан жылдар сіресіп қалған құлдық сананың көбесі сөгіле бастады. Сондықтан Астана елорда болғалы Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында өрлеу басталды деуге толық негіз бар», деп жазады басылым.

Ал келесі «Астана - қауіпсіздік кепілі» деген мақала тарихшы-ғалым Талас Омарбековтің әңгімесі негізінде өрбіген. Басылымның атап өтуінше, Астананы жасау, орнықтыру тәуелсіз елдердің бәріне тән. Дүние жүзінің бүкіл елдері «мемлекетті нығайтудың негізі - астананы нығайту» деп біледі. Астанасы мықты болмаған ел - әлсіз ел. Өйткені астана - мемлекеттің символы, тәуелсіздіктің символы. Сондықтан да астананы нығайту мәселесі - үлкен саясаттың құралы, яғни мемлекеттің абыройы, ар-ұжданы. Мұнымен бірге, «мемлекеттің болашақтағы келбеті, ондағы қалалар қандай болуы тиіс, елдегі үлкен қалалар кімге қарап үлгі алуы керек» деген мәселеде де астана темірқазық болуы шарт.

***

«Кеше ІІІ Астана экономикалық форумы аяқталды», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше, алқалы жиынның ашылуына қатысқан Елбасы аталған шараға Нобель сыйлығы лауреаттарының қатысуы әлемге белгілі көшбасшылар, саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен пікірталастарға және өзекті мәселелердің талқылану тәжірибесіне екпін беретінін, Астана форумының әлемдік дағдарыстан кейінгі кезеңдегі даму жолдары мен теңдікті еңсеру туралы тиімді ұсыныстар айтылатын алаңның бірі ретіндегі беделінің өсуінің жарқын мысалы болып табылатынын атап өткен.

Қала күні мерекесі қарсаңында Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта дің жасушаларының зертханасы салтанатты түрде ашылды. «Астана ақшамы» газетінің жазуынша, шара барысында Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев бір дің жасушасының құны 160 мың теңге тұратыны, ал бауыр рагін емдеу үшін ондай 10 жасуша керектігін айта келе, бұл ретте қазақстандық науқастардың арнайы квотамен тегін емделе алатынын, ал шетел азаматтарына оның ақылы жүргізілетіндігін жеткізген.

***

«Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ІІІ Астана экономикалық форумының қатысушыларымен бірқатар кездесулер өткізді», деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР Үкіметі басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сыртқы сауда істері жөніндегі Мемлекеттік хатшы Анн-Мари Идрак бастаған Француз Республикасының делегациямен кездесу барысында әлемдік экономикадағы ағымдағы жағдай жөнінде пікір алысылды, сондай-ақ қазақстан-француз индустриялық ынтымақтастығы мәселелері талқыланған.

Соңғы жаңалықтар