Astana Hub басшысы бизнес бастап, инвестиция тарту жолдарын айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Astana Hub халықаралық технопаркінің бас директоры Джозеф Циглер Қазақстанда бизнес бастау және инвестиция тарту жолдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Джозеф Циглер Алматыда жас кәсіпкерлермен, студенттермен кездесті.

«Кремний алқабында (АҚШ-тағы Кремний алқабы – жоғарытехнологиялы, ғылыми стартаптарды құру және алға жылжыту бойынша бірегей тәжірибелер жинақталған орын) табысты стартаптармен 40-тан асқандар айналысады. Ал Қазақстанда қандай жаңалықты болса да 30-ға толмаған жастар қолға алып жүр», - дейді ол.

Оның айтуынша, стартап жасамақ болған адам нарық пен тиісті саланы жете зерттеуі қажет.

«Біздің командадан шыққан жігіттер жап-жақсы бизнесін бастап, инвестиция тартып жүр. Бізге жаңа идеялар мен стартаптар керек. Біздің жігіттер әлемнің әр қаласына барып, көрмелерде өздерінің стартаптарын таныстыруда. Сол арқылы халықаралық инвестор іздейді», - деді спикер.

Қазір Astana Hub командасы Startup Sapary бағдарламасы аясында ІТ саласындағы жас кәсіпкерлер үшін «Стартап мектебі» тегін курсын өткізіп жатыр.

Олар Петропавл, Атырау, Қызылорда, Түркістан, Орал, Қарағанды, Көкшетау, Тараз, Өскемен, Павлодар, Талдықорған және Шымкент қалаларында болды.

Astana Hub технопаркі стартап-жобаларды дайындаумен және дамытумен айналысады. Технопаркте стартап мектебі, инкубация және акселерация бағдарламалары сияқты тегін курстар бар. Алдағы уақытта Astana Hub өңірлердегі технопарктермен бірлескен жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, Astana Hub Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бесінші бағыты бойынша 2018 жылдың 6 қарашасында ашылған болатын. Қазірге дейін тартылған инвестициялардың жиынтық мөлшері 17 миллиард теңгеден асқан.

Авторы: Еламан Тұрысбеков

Соңғы жаңалықтар