Astana Hub арқылы импортты ығыстыра аламыз - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Astana Hub арқылы импортты ығыстыруға мүмкіндіктер мол. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері Слямжар Ахметжаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының қатысуымен кеңейтілген Үкімет отырысы барысында отандық тауарларды өндіру және қызмет көрсету секторын жетілдіру арқылы импортқа тәуелділікті төмендету қажеттілігі атап өтілді. Бұл бағытта қолайлы инновациялық экожүйені құру - қазақстандық тауарлар мен қызметтерді дамыту үшін драйвер бола алады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдың қараша айынан бастап Astana Hub IT-стартаптарының Халықаралық технопаркі іске қосылды. Мұнда талантты жастарға заманауи ғылыми-зерттеу зертханаларын пайдалану, тәлімгерлік қолдау көрсету, сондай-ақ ең бастысы, өз жобаларын дамытуға инвестиция тарту үшін мүмкіндіктер бар», - деді сарапшы.

Оның айтуынша, Astana Hub платформасының табысты оқиғаларының бірі «ZoomCare» медициналық жобасына қатысты. Жобаның негізін қалаушы Ж.Еселбаевтің жоспарына сәйкес, науқастар мобильдік қосымшалар арқылы қашықтықтан медициналық консультациялар ала алады. Онлайн кеңес алу үшін гарнитура мен камерасы бар смартфон жеткілікті. Бұл әдісті қолданудың артықшылықтары пациенттерге уақыт пен ақшаны үнемдеу, сондай-ақ дәрігерлерге қосымша табыс табу мүмкіндігі. «ZoomCare»-де консультациялардың орташа құны 3000 теңге, ал жеке клиникаларда шамамен 5000 теңге.

«Қазіргі уақытта «ZoomCare»-де 150-ге жуық дәрігер тіркелді. Дәрігерлерді іріктеу, оқыту және тестілеу арқылы база бірте-бірте кеңеюде. Сонымен қатар, пайдаланушылар кері байланыс пен дәрігерлер туралы пікірлер қалдыру мүмкіндігіне ие. Оң бағалар дәрігерлер рейтингін арттырады, бұл өз кезегінде ең білікті маманның пайдасына тұтынушылардың таңдау жасауын жеңілдетеді. Жалпы алғанда, Astana Hub-тың пайда болуы түрлі салаларда технологиялық шешімдердің болу мүмкіндігін береді. Ең бастысы, бұл платформа инновациялық идеяларды қалыптастыруға мүмкіндік береді және болашақта қазақстандық зияткерлердің практикалық жұмысымен «шетелдік ақылдыларды» сапалы түрде алмастыруға мүмкіндік береді», - деді Слямжар Ахметжаров.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев министрлер мен әкімдерге Қазақстанның өз өнімдерін насихаттауға шақырған болатын.

Соңғы жаңалықтар