«Астана» ХҚО туралы заңға қандай түзетулер енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасын қолдану ұсынылды. Тың ұсыныстың артықшылықтары жөнінде Парламент Мәжілісінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңға түзетулерді таныстырған бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инвестициялық резиденттік бағдарлама – әлемде айтарлықтай кең таралған құбылыс. Бүгін де резиденттік бағдарламының екі түрін ұсынатын 80-нен астам осындай бағдарлама жұмыс істейді. Бірінші түрі – АҚШ, Канада, Испания сияқты елдерде, сондай-ақ Латвия мен Мысырда іске асырылып жатқан бағдарламалар. Олар инвестициялардың орнына тұру үшін ықтиярхат береді», - деді ол.

Вице-министрдің сөзіне сенсек, бағдарламаның екінші түрі инвестициялық визаны және елдің салық резиденттігін алуды көздейді. Мұндай елдердің қатарында Италия, Швейцария, Кипр мен Ұлыбритания бар.

«Қазақстанда бағдарламаның екінші түрін – инвестициялық салық резиденттігін қолдану ұсынылады. Осылайша, заң жобасында «инвестициялық резидент» ұғымы мен инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасын енгізу қарастырылған. Инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы АХҚО актісімен бекітіледі. Бірақ міндетті түрде уәкілетті мемлекеттік органдармен, атап айтқанда, Ұлттық экономика, Сыртқы және Ішкі істер министрліктері, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісіледі», - деді ол.

Бағдарламада инвестициялаудың көлемдері мен құралдары, инвестициялық салықтық резиденттікті алу рәсімдері анықталады.

«Инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасының негізгі тұжырымдамасы – инвесторлар мен олардың отбасы мүшелерінің Қазақстанға көпреттік кіру визасын алуға айырбастап, инвестициялар тарту. Әлеуетті инвесторлар АХҚО биржасында айналатын қаржы құралдары мен бағалы қағаздарға өз қаражаттарын инвестициялайтын болады», - дейді Берік Шолпанқұлов.

Сондай-ақ заң жобасы бойынша инвестициялық салық резиденттеріне Қазақстаннан тыс көздерден түскен кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеуден босату ұсынылды. Бұл ретте, Қазақстанның ішінде пайда болған кірістерге Салық кодексіне сәйкес салынғанымен, шетелден түскен кірістерге салық салынбайды. Берік Шолпанқұлов атап өткендей, бұл өз салық шығыстарын оңтайландыруға талпынатын инвесторлардың мүдделері үшін жасалуда. Осылайша, ол елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады.



Соңғы жаңалықтар