«Астана» ХҚО өкілдері СҚО кәсіпкерлерімен кездесті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда «Астана» Халықаралық қаржы орталығының делегациясы облыстың кәсіпкерлерімен кездесіп, оның артықшылықтары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2015 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) негізі қаланды. Оны құрудағы мақсат - халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. Петропавлға АХҚО делегациясы Инвесторлардың халықаралық апталығы аясында және IOSCO құнды қағаздар бойынша халықаралық ұйымның қолдауымен келді.

«Бұл – қаржы саласындағы арнайы құқықтық тәртіптеме. Оның артықшылығы - қаржы қызметтерінің кей түрлеріне салықтың жеңілдетілуінде, тәуелсіз сот жүйесі мен арбитражы бар. Мұның әрқайсысына жеке тоқталып, оны қалай қолдануға болатындығын және ол жергілікті бизнеске не беретінін айтамыз. Барлық бизнес қауымдастықтарын АХҚО ұсынатын қызмет түрлерімен таныстырғымыз келеді. Елбасының бастамасымен құрылған орталық елімізде қаржы нарығын дамытуға, бизнес ортаны қалыптастыруға жұмыс істейді», - деді «Астана» Халықаралық қаржы орталығының тіркеушісі Нұрхат Көшімов.

АХҚО-ның шағын кәсіпкерлікке де, ірі бизнес өкілдеріне де қолайлы ұсыныстары бар.

«Біз бүгін әлемдік трендтердің бірі – исламдық қаржыландыру тетіктері жайында айтамыз. Оның аясында шағын, орта және ірі бизнес те қажетті инвестиция тарта алады. Сондай-ақ «жасыл» қаржыландыру бар. Яғни АХҚО биржасында «жасыл» құнды қағаздарды орналастыру. Нәтижесінде баламалы энергетика бойынша жұмыс істейтін кәсіпорындар қосымша қаржыландырылады», - деді Нұрхат Көшімов.

Оның айтуынша, «Қазатомпром» жақында АХҚО биржасында қосымша акцияларды орналастырды. Алғаш рет құнды қағаздар өткен жылдың қараша айында жекешелендіру бағдарламасы аясында орналастырылған. Оның пікірінше, бұл – жергілікті компанияның қазақстандық және шетелдік инвесторларды тартуының сәтті көрінісі.

«Аймақтық бизнес кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету үшін құрылған АХҚО-ның ұсыныстарын тиімді пайдаланады деп ойлаймын», - деді Нұрхат Көшімов.

Орталық мамандары 30 қыркүйек пен 6 қазан аралығында апталық аясында еліміздің 7 қаласына барып, жиын өткізуді жоспарлаған. Делегация СҚО-дан кейін Ақтау қаласына жол тартпақ.

Соңғы жаңалықтар