«Астана» ХҚО мен Seedstars өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумы аясында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және дамушы елдердің жетекші стартап-қоғамдастықтары мен инвестор Seedstars компаниясы Өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Бұл туралы «Астана» халықаралық қаржы орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, құжатқа сәйкес АХҚО мен Seedstars арасындағы ынтымақтастық стартаптарды қолдау бағдарламаларын іске асыру мен стартап экожүйесін дамытуды, сонымен қатар халықаралық сарапшыларды Орталық Азия аймағына тартуды қамтитын болады.

«Біз инвестициялық және инновациялық әлеуетті дамытумен айналысатын ірі халықаралық компаниялардың бірі Seedstars-пен ынтымақтастық орнатқанымызға қуаныштымыз. АХҚО жыл сайын өңірлік қолдау бағдарламаларын өткізіп, стартаптарға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл ынтымақтастық Қазақстан мен Орталық Азияның стартаптарына инвестиция тартуға және технологиялық жобалар саласында кәсіпкерлердің жаңа буынын дамытуға тың серпін береді», - деп атап өтті АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов.

«АХҚО Қазақстандағы Seedstars-тың сенімді серіктесі. Сонымен қатар біз ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға ниеттіміз. Себебі бізде сәтті жүзге асқан ынтымақтастықтың тәжірибесі бар. Соған сүйене отырып қазақстандық кәсіпкерлерге білім беру бағдарламаларымыз бен қаржылық қолдауымыздың арқасында ұзақ мерзімге ықпал етеміз деген үміттеміз. Себебі біздің негізгі мақсатымыз жергілікті экожүйені қолдау мен аймақтық әрі халықаралық инвесторларды Қазақстанға тарту үшін қолайлы жағдай жасау» - деп атап өтті Пьер-Алан Массон, Seedstars бірлескен құрылтайшы.

2019 жылдың қараша айында Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында АХҚО-ның Финтех хабымен әріптестікте Орталық-Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы Seedstars өңірлік саммиті өтті. Сондай-ақ 2018 жылы АХҚО-ның бастамасымен Seedstars Қазақстанда FintechStars халықаралық акселерациялық бағдарламасын өткізді.


Соңғы жаңалықтар