Астана халықаралық қаржы орталығы Үндістанда таныстырылды

None
None
МУМБАИ. ҚазАқпарат -16 сәуір күні Үндістанның аса ірі экономикалық орталығы Мумбаи қаласында «Астана» Халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) арналған дөңгелек үстел отырысы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

«Observer Research Foundation» (ORF) талдау орталығында өткен шарада Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Болат Сәрсенбаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын атап көрсетіп, үндістадық бизнес өкілдерін қазақ-үнді сауда байланыстарының даму қарқынымен таныстырды.

АХҚО-ның жаһандық нарықтар жөніндегі басшысы Әмина Тұрғұлова, АХҚО-ның бизнесті дамыту тобы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Серікбай және Азияны зерттеу институтының директоры Сұлтан Әкімбековтер Қаржы орталығының құрылымы, мақсаттары, артықшылықтары мен басты ерекшеліктері туралы әңгімеледі.

Үндістанның «Gateway House» талдау орталығының бас директоры, зерттеулер жөніндегі директоры Акшай Матхур Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктерін жоғары бағалап, АХҚО елдің және жалпы өңірдің экономикалық дамуына серпін беретінін айтты.

«Дөңгелек үстел» барысында сақтандыру саласындағы әлемдегі аса ірі компаниялардың бірі «General Insurance Company» (GIC) мемлекеттік корпорациясының басшылығымен келіссөздер өтті. Атап айтқанда, Қазақстан Елшілігінің АХҚО алаңында бизнесті сақтандыру саласының Орталық Азиядағы тұңғыш «Astana-Re» компаниясын құру туралы бастамасын іске асыру перспективалары талқыланды.

GIC басшылығы биыл мамыр айында өтетін 12-ші Астана экономикалық форумына қатысатынын растап, АХҚО-мен ынтымақтастық келіссөздерін жалғастыруға әзірлігін білдірді.


Автор: Садық Әкежанов

Соңғы жаңалықтар