Астана халқының басты проблемалары қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов елорда халқы үшін қандай мәселелер өзекті екенін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, Астанада 20 жылдың ішінде спорттық немесе мәдени нысандар болсын, тұрғын үй кешендері болсын, өркендеп, өз сипатына ие болды. Бұл ретте бірқатар мәселелер шешілді. Алайда мен қала шетіндегі мекендер бойынша мәселе барын айтқым келеді. Көктал, Оңтүстік-Шығыс аудандары болсын, ең алдымен инфрақұрылымға байланысты проблемалар әлі де көп. Қатты төсеніш төселмеген көшелердің жоқтығы тағы бар. Сумен қамту және канализациялық суды сорып сыртқа шығару турасында да мәселелер маңызды. Мысалы, Оңтүстік-Шығыс ауданының оң және сол жағының көптеген көшелерінде орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ», - деді Сансызбай Есілов елорда әкімдігінде өткен жиында.

Оның айтуынша, елордада қоғамдық көлікке қатысты проблемалар да баршылық.

«Бірақ, ең басты мәселе - қаладағы мұқтаж адамдарға мемлекет тарапынан көмек көрсету. Міне, біз мысалы көпбалалы отбасылардың мәселесін көріп отырмыз. Мүгедектерде, жалғызбасты адамдарда да мәселе көп. Мен өзім қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Біз өткен жылы елордадағы 14 мың зейнеткерді қамтып, сауалнама жүргіздік. Осы сауалнама арқылы 900 зейнеткердің мемлекет немесе қоғам тарапынан әлеуметтік көмекке мұқтаж екенін анықтадық. Ол зейнеткерлердің арасында жалғыз өмір сүріп жатқаны, төсекке таңылғаны, қаржылай болмаса да қоғам тарапынан ықыласқа мұқтаж қарттар бар. Ардагерлер кеңесі тарапынан осы себепті көмекке мұқтаж зейнеткерлерге кәсіпорындар көмектесе алатындай жұмыс жүргізудеміз», - дейді ол.

Сансызбай Есіловтың айтуына қарағанда, елордада екінші дүниежүзілік соғыстың 76 ардагері тұрады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов елордадағы көпбалалы отбасылардың мәселесі туралы сөз қозғап, олардың баспана мәселесін жеке кезек бойынша шешу керектігін мәлім еткен еді.

«Мемлекет бұл мәселеге бет бұрады деген ойдамын. Қазіргі уақытта Үкімет жұмыс тобын құрып, аталмыш мәселені шешуді көздеп отыр. Көпбалалы отбасылардың ең алдымен баспана мәселесін шешу керектігі туралы бастаманы 100 пайыз қолдаймыз. Себебі, бұл отбасылар күрделі материалдық жағдайымен қоса баспананы жалдап тұруға мәжбүр. 50-100 мың теңгеге кішкене ғана бөлме жалдап тұрады. Сол себепті, көпбалалы отбасылардың ең алдымен баспана мәселесін шешу керек. Жетім балалар, соғыс ардагерлері санаты сияқты көпбалалы отбасылардың баспана бойынша жеке кезегі болуы тиіс. Себебі, қазіргі уақытта елордадағы баспана бойынша ортақ кезекте 46 мыңға жуық адам тұр», - дейді Сансызбай Есілов.

Соңғы жаңалықтар