Астана халқына сатылып жатқан көмір сапасы тексеріледі - әкім

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің Байқоңыр ауданы тұрғындарымен кездесуінде қалаға әкелініп жатқан көмірдің сапасы нашар екені айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көпқабатты үйде тұратын халықтың ауа сапасы туралы шағымына жауап бергім келеді. Ауаны ластап жатқан біз емес, сапасыз көмір. Қашан бізге сапалы отын әкеледі? Бұрын Шұбаркөлдің көмірін әкелетін. Оны жаққанда түтіктен шыққан түтін әрең көрінетін. Ал қазір қара түнек басып кетеді. Кейінгі үш жылда осындай мәселе пайда болды. Бізге әкелетін көмірді мазутпен майлап қоятындай тіпті. Жақсаң, жылуы жоқ. Онымен қоймай үйдің ауасын бұзады. Жақсы көмірдің бәрі экспортқа кетіп жатыр ма, деген күдік туындайды», - деді тұрғын.

Жеңіс Қасымбек көмір сапасын тексеруге уәде берді.

«Шұбаркөл көмірі экспортқа жіберілмейді. Ал сіздер жағып отырған көмір сапасына келсек, тексереміз. Тұрғындар көмір сатып алып жүрген учаскені барып тексеріңіздер. Ондағы көмір талапқа сай ма, жоқ па, анықтау керек», - деді қала әкімі.


Соңғы жаңалықтар