Астана халқы Мұз ханзадасымен қоштасып жатыр

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Барыс-Арена» сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенмен қоштасу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан қанжығасына талай жүлде байлап, қазақ спортының жарық жұлдызына айналған Денис 19 шілде күні Алматыда көше бұзақыларының қолынан қаза тапқан еді.

Алматыдағы қоштасу рәсімімен қатар өткен бұл қаралы жиынға елордадағы спорт қауымдастығы өкілдері, бапкерлер мен спортшысын жоқтаған қала тұрғындары да қатысты.

Қабырғасы қайысқан ел Денистің суреті бейнеленген баннер алдына гүлдер мен майшам әкеліп қоюда.
nullnullnullnullnullnull

«Ажал айтып келмейді деген қазақтың сөзі бар. Біз Денисті қорғай алмадық, сақтай алмадық. Қанішерлер ұсталғанымен, сүйікті ұлымыз Денис арамызға қайтып келмейді. Денис спорттық жетістіктерімен ғана емес, адами қасиеттерімен, өзінің кішіпейілділігімен, көпшілдігімен баршамыздың жүрегімізден орын алды. Жатқан жері жайлы болсын», - деп көңіл айтты қазақстандық спорт комментаторы Диас Ахметшәріп.

Қоштасу рәсіміне келушілер спортшыны бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қыршын кеткен жас Алматыда 1993 жылы 13 маусымда дүниеге келді. Ол - Кореяда жапон отарлаушыларына қарсы соғысқан генерал Мин Гын Хоның ұрпағы. Денис Тен балалық шағында музыка, теннис, акробатика, каратэ, суда жүзумен айналысып, түптеп келгенде, мәнерлеп сырғанауды таңдады.

Денис Тен Қазақстанның мәнерлеп сырғанау спорты тарихында жаңа парақтар жазды. Лос-Анджелесте өткен 2009 жылғы әлем чемпионатында үздік ондықтың қатарына еніп, сегізінші орынға ие болды. Осылайша ол Ванкувер Олимпиадасына Қазақстанға қос бірдей жолдама алып берді. 2010 жылғы Олимпиадада ең жас қатысушы болғанына қарамастан, 11-інші орыннан көрінді. Бұл алдағы жарқын жеңістердің басы еді.

2011 жылдың ақпанында Қазақстанда өткен VІІ қысқы Азия ойындарында Денис Тен алтын жүлдені жеңіп алды. Екі жылдан кейін Канадада өткен әлем чемпионатында Д.Тен өзінің жеке рекорды - 266,48 балға қол жеткізді. Еркін бағдарламада үздік шыққан ол қорытындыда канадалық Патрик Чаннан небәрі 1,3 балға қалып қойып, күміс жүлдені еншіледі. Сөйтіп қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар арасында алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Денистің спорттық жолындағы басты жетістігі, әрине, Сочи Олимпиадасындағы қола медаль еді. Бұл сол додадағы Қазақстан қоржынындағы жалғыз жүлде болатын әрі тәуелсіз ел тарихында мәнерлеп сырғанаудан алынған бірінші медаль еді.

«Құрмет» орденінің және мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Денис Теннің бұдан басқа да табыстарға қол жеткізуіне жарақаттары мүмкіндік бермеді. 25 жыл ғұмырында өмірден озған спортшының болашағы алда еді. Қанша биікке көтерілсе де, өзінің кішіпейіл мінезінен, сүйкімді қалпынан танбай, халқының қошеметіне бөленген Денис Теннің жарқын бейнесі ел жадынан мәңгі өшпейтіні анық.

nullnullnullnullnull

Соңғы жаңалықтар