Астана хабы Кореямен ынтымақтастықты нығайтуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сеулде Астана Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов пен Корея Республикасының Персоналды басқару министрі Пан Сук Ким екі ұйым арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кореяның адам ресурстарын басқару саласындағы, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу және жоғарылату бойынша тәжірибесі Астана хабының қатысушы елдері үшін үлкен қызығушылық тудырады», - деді Әлихан Байменов.

Өз кезегінде Пан Сук Ким мырза үздіксіз білім мен тәжірибе алмасуды қамтамасыз ететін тұғырнама ретіндегі жұмысты жоғары бағалады. «Хаб - мемлекеттік қызметті дамыту үшін ерекше маңызды әрі пайдалы алаң. Меморандум біздің ынтымақтастығымызға жаңа серпін беретініне үміттенемін», - деді министр.

Меморандум аясында мемлекеттік қызметте адам ресурстарын басқару, жалақы жүйесі, мемлекеттік қызметшілерді іріктеу сияқты тақырыптар бойынша бірлескен зерттеулер мен тренингтер өткізу, сондай-ақ инновациялық шешімдер бойынша тәжірибе алмасу жоспарлануда.

Кездесу барысында тараптар мемлекеттік қызметті дамыту туралы басылымдар мен материалдар алмасты.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда Хабқа 40 ел қатысады, оның арасында ЭЫДҰ, ТМД, Орталық Азия және ASEAN елдері бар.

Соңғы жаңалықтар