Астана ғимараттарының сапасы туралы жаңа портал ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі қаланың әрбір ғимараты мен әрбір коммерциялық нысаны туралы мағлұмат беретін жаңа портал әзірлеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова Астанада өткен "CRE Central Asia - 2017" жылжымайтын мүлік форумның ашылу салтанатында мәлім етті. 

М.Бектұрованың айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығының дамуы қала экономикасының негізгі өсу драйвері болып саналады. Коммерциялық және өзге де жылжымайтын мүлікті қоспағанда, Астанада жыл сайын 2 миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға беріледі.

"Қалада ақпарат жинаудың бірнеше тәсілі бар. Бір ғана 109 қызметі бойынша соңғы 9 айда тұрғын үй мен коммерциялық қордың жағдайы мен абаттандырылуы туралы қала тұрғындарынан 400 мыңнан астам өтінім алдық. Олардың көпшілігі лифт жұмыс істемейді немесе жарықты өшіріп тастады деген сыңайда. Сәйкесінше, мұндай ақпараттар Астананың пайда болуынан бері жиналып келеді және соңғы 10 жыл бойы бұл деректер цифрлық пішімде сақталуда. Аталған мәліметтер арқылы қай тұрғын үй кешенінің, кеңселік ғимараттың ыңғайлы немесе проблемалық екенін білуге болады", - деп атап өтті Малика Бектұрова Астанада өткен "CRE Central Asia - 2017" жылжымайтын мүлік форумының ашылу салтанатында.

 Осыған орай, Малика Бектұрова "opendataastana.kz" порталы әзірленіп жатқанын және кәсіби басқарушыларға көмек көрсету үшін, қаланың әрбір ғимараты туралы, әрбір коммерциялық нысаны туралы мол дерекке қанығу үшін барлық мәліметтерді порталға салып отыратындарын жеткізді.  

"Мұның арты неге әкеп соғарын да шамалап отырмыз. Біз жариялаған деректерден кейін өздерін премиум немесе бизнес деңгейіндеміз деп санайтын кеңселер мен ғимараттарды нарық басқаша қабылдайтын болады және жылдар бойы қалыптасқан бағалар өзгеруі мүмкін", - деді ол. - Нарыққа біздің тарапымыздан ақпарат берілуі тиіс. Ол үшін жаңа стратегия жасап шығардық. Астананың қалыптасу тәжірибесін зерттедік, қала экономикасының болашақтағы өсу драйверін болжадық. Әрине, девелопмент дәл осындай драйверлердің бірі болып қала бермек. Сондықтан, Астана әкімдігі коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығының дамуына үлкен қызығушылық танытып отыр".

Сонымен бірге, Астана әкімінің орынбасары жақын болашақта құрылысты дамыту саласында айтарлықтай өзгерістер орын алатынын мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта еуростандартты енгізуге баса назар аударып отырмыз.  Яғни, қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелері ескірген және нарық талаптарына сай келмейді. Сондықтан, әкімдік жанынан урбанистика орталығы құрылды. Бұл орталық ескі құрылыс нормалары мен ережелерін бізге қолайлы еуростандарттарға айырбастаумен айналысып жатыр. Одан бөлек, BIM (Building Information Modeling), яғни ғимараттың ақпараттық моделі технологиясын қолданатын жобаларды таныстыру мүмкіндігін іске қостық. Жақын арада құрылысты дамыту саласында айтарлықтай өзгерістер мен толықтырулар орын алады", - деп сөзін түйіндеді М. Бектұрова.     

Айта кетейік, Астанада CREW (Commercial Real Estate Week) коммерциялық жылжымайтын мүлік апталығы аясында "CRE Central Asia - 2017" форумы басталды.

Екі күнге созылатын форум Астана әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған және бұл шара коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығының дамуымен байланысты көкейкесті мәселелерді шешуге бағытталып отыр.

Форумның алғашқы күні жылжымайтын мүлік нысандарының даму мәселелері жөніндегі Саммит және қалалардың инфрақұрылымдық дамуы мен жылжымайтын мүлік тақырыбындағы сессиялар өтеді. Одан бөлек, форум делегаттары жылжымайтын мүлік саласындағы практикалық семинарларға қатыса алады. Форум жұмысының екінші күні өзге елдердегі жылжымайтын мүлік нарығының және аталған саладағы BIM-технологиялардың дамуы тақырыбында пікірталастар өтеді.

Соңғы жаңалықтар