«Астана» ФК испаниялық жанкүйері: Қазақстанда жұмыс істегім келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубының атағы Кәрі құрлыққа кең тарай бастады. Мұны шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарындағы материалдардан тыс, тіпті Еуропаның кішігірім қалаларынан да жанкүйерлері табылып жатқаны растай түседі. «Астана» десе, ішкен асын жерге қоятын испаниялық фанаттардың бірі Шероме Фернандес Альваресті «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі сұхбатқа тартты.

- Шероме, Қазақстанға қош келдіңіз! Өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз?

- Рахмет! Қазақстан, Астана мені жылы қарсы алды. Мен Испанияның батысында, Атлант мұхитына шығатын Риа де Виго шығанағының жағасында орналасқан портты қала Вигода туып-өстім. Ол кішігірім қала, үш жүз мыңдай ғана тұрғыны бар. Көпшілігі жергілікті «Сельта» клубының жанкүйері. Мен де солардың бірімін. Ал Еуропада «Астанаға» болысамын. Қазақстан елордасына осымен екінші рет келіп отырмын. Бұл жолы сүйікті командамның кипрлік АПОЭЛ-ге қарсы өз алаңында өткізген ойынын тамашалау үшін арнайы ат басын бұрдым. Өйткені бұл шешуші ойын еді, қажетті есепке қол жеткізе алмаса, «Астана» биылғы еурокубоктардың негізгі кезеңінен мақұрым болу қаупі төніп тұрды. Бағыма орай, «Астана» үмітімді ақтап, топтық кезең жолдамасын жеңіп алды.

- Сіздің «Астанаға» жанкүйер болуыңызға не себеп?

- Жаңа айттым ғой, бұл менің Астанаға екінші келуім. Алғаш рет былтыр, ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау үшін келген болатынмын. Астананың заманауи зәулім ғимараттары, тамаша сәулет туындылары мені баурап алды. Әсіресе, «Астана Арена» стадионы қатты ұнады. Жасанды көгалдың сапасы өте жақсы, инфрақұрылымы Еуропаның алдыңғы қатарлы клубтарынан кем түспейді. Сол кезде елордалық ұжымның маңызды матчтарының біріне міндетті түрде келемін деп өзіме серт бердім. О баста «Шахтер» (Қарағанды) командасы шотландық «Селтикті» жеңіп, Еуропаны шулатқаннан кейін Қазақстан футболына қызыға бастап едім. Кейін «Астана» кеңінен таныла бастады. Оның үстіне, алғаш келгендегі ұмытылмас әсерлер, қазақтардың қонақжайлылығы, сұлу стадион, ең бастысы, жылдан-жылға күшейе түскен ұжымның ойыны мені «Астананың» жанкүйеріне айналдырды.

- Қазақ футболын қарай жүргеніңізге бес-алты жыл болыпты. Қазақстанмен жақсы таныс шығарсыз?

- Мен қазір Валенсия политехника университетінің 2-курс магистрантымын. Мамандығым - инженер-энергетик. Испанияда, әсіресе, Вигода көптеген ірі компаниялардың өндіріс орындары орналасқан. Соған байланысты, ол жерде инженер мамандары тым көп, жұмыс табу қиын. Былтыр ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалау барысында Қазақстанмен барынша танысуға тырыстым. Ондағы ойым болашақта өзімді маман ретінде Қазақстанда сынап көру мүмкіндіктерін қарастыру болды. Мұнда энергетика саласы, соның ішінде жасыл технологиялар қарыштап дамып келеді. Қазақстандық жастармен достасып та үлгердім. Барлығы білімді, олар - озат технологиялар саласының болашақ мамандары. Сондықтан, келешекте Қазақстанға келіп, осы салада қызмет жасау ниетім де жоқ емес. 

- «Астананың» соңғы матчтары туралы не айтар едіңіз?

- Бір ғана АПОЭЛ-ге қарсы ойыны жайлы айтайын. Біздің команда ойын басында бірінші нөмірмен ойнады. Кипрліктерге ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Соғылған голдан кейін қорғанысқа көшті. Бапкер Григорий Бабаян да осыған арнайы тоқталды, мұндай ойындарда тек осылай ойнау керек. Яғни, таблода қажетті есеп жазулы тұрғанда, күш үнемдеуге тиіссің. Қонақтар бір гол барлығын да өзгертіп жіберетінін жақсы түсінді, сондықтан тынымсыз шабуылдай берді. Абырой болғанда, біздің команданың қорғанысы сыр берген жоқ. «Астананың» Еуропа лигасы топтық кезеңіне өткеніне қатты қуандым. Алдағы уақытта ойыны жақсара түседі деп үміттенемін.
null 

- Елордалық ұжымның Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?

- Топтан шығамыз. Мен бұған сенімдімін. Бірінші қоржыннан қарсылас болып келген «Динамо Киевтің» өзінде бұрынғы қауқар жоқ. «Астананың» рейтингтегі орны 2-қоржынға орналасуына мүмкіндік берді. Демек, топтағы қалған екі командадан біздің ұжымның деңгейі жоғары. Ойын жағынан да, «Астана» қазір Еуропаның үздік ұжымдары санасатын команда деңгейіне жетіп отыр. Сондықтан, Еуропа лигасының көктемгі кезеңінде команданың ойындарына куә боламыз деп сенемін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар