Astana Finance Days: Энергия және азық-түлік дағдарысын тоқтатуда Қазақстанның рөлі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлем сарапшылары Украинадағы жағдайға байланысты энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін жиі көтеріп жатыр. Осы орайда елордада өтіп жатқан «Astana Finance Days» V конференциясының қатысушылары әлемдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде Қазақстанның қандай рөл атқаратынын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти Қазақстанның жаһандық жүйенің бір бөлігі екенін, сондай-ақ, Ресейге енгізілген санкциялардан Қазақстан тікелей зардап шегетінін атап өтті. Себебі біз Ресеймен тығыз экономикалық және сауда қарым-қатынасындамыз.

«Алдағы қиын-қыстау кезеңге дайын болуымыз тиіс. Бір жағынан сын-қатер әртараптандырылған нарықтық экономиканы дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады. Бұл реформалар қысқа мерзімде ауыр тиеді. Бірақ орта және ұзақмерзімді перспектива үшін қайтарымы мол», - деді Сэр Сума Чакрабарти.

Қазіргі уақытта Қазақстан - мұнай экспорттаушы ірі ел.

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, соңғы 30 жылда Қазақстанда мұнай өндіру 1991 жылғы 26,6 млн тоннадан 2021 жылы 86 млн тоннаға дейін 3,5 есе дерлік артып, мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі бойынша 13-орында тұрмыз.

Мұнай экспортының көлемі 30-дан астам елге шикізат жеткізу географиясын кеңейтіп отыр. 1991 жылы 12 млн тонна болса, 2020 жылы 85 млн тоннаға дейін ұлғайды.

С. Чакрабартидің айтуынша, Еуропа үшін мұнай мен газ бағасының күрт өсуі халықаралық энергетика жүйесінің маңызын көрсетіп отыр.

Бұл жағдай көптеген елді баламалы көздерден, соның ішінде жаңартылатын көздерден, атом энергиясы мен сутектен энергия өндіруге күш салуға мәжбүр етті.

«Кейбір дамыған елдер тіпті көмір энергиясын өндіруді қайта қолға алып жатыр. Энергия бағасының күрт өсуі Қазақстан үшін ұтымды болса да, төмен көміртекті ауысумен және таяудағы бірнеше онжылдықта көміртекті бейтарап болу міндеттемесіне байланысты ұзақмерзімді перспективада әрекет ету қажет. Кей елдер қазірдің өзінде шамадан тыс көміртегі шығарындылары үшін жаза қарастыратын шара қабылдап жатыр. Мысалы, қазақстандық тауарлардың ірі импорттаушысы Еуроодақ қазіргі уақытта шамадан тыс көміртегіні шекарадан асыруға қатысты түзету енгізу тетігін іздеп жатыр. Бұл қазақстандық тауарларды бәсекеге қабілетті ете алмайды», - деп түсіндірді ҚР Президентінің кеңесшісі.

Оның пікірінше, Қазақстанның жаңартылатын энергия көздері тұрғысынан зор әлеуеті бар.

Сонымен қатар спикер жаңартылатын және балама энергия көздеріне инвестиция салуға және саланы ынталандыруға, энергияны тиімді пайдалануға және «жасыл» қаржыландыруды ілгерілетуге кеңес берді.

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов соңғы жылдары мұнай саласына инвестиция үлесінің төмендегенін, бұл экономиканы әртараптандыруды білдіретінін атап өтті.

Егер 2018-2019 жылдары бұл көрсеткіш 50% құраса, ал 2021 жылы 28% құрады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан $390 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тартты.

Өткен жылы 24 миллиард долларды құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 38% жоғары.

Азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысты Сэр Сума Чакрабарти мәселенің пандемия бастала сала күрделенгенін және Украинадағы жағдайға байланысты мәселенің нашарлағанын атап өтті.

Бұл екі ел әлемдегі ең ірі ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің бірі. Кей бағалауға сәйкес, 2022 жылдың соңына қарай азық-түлік қауіпсіздігінің болмауы салдарын 2 млрд-қа дейін адам тартады.

«Бұл - үлкен цифр. Украинадағы жағдай басталғалы бері 20-дан астам ел экспортқа шектеу енгізді және басқа да көптеген ел осы ұстанымды қолдауы мүмкін. Бұл елдер арасындағы азық-түліктің еркін қозғалысы мен азық-түлік инфляциясының өсуіне кері әсерін тигізеді. 2022 жылдың алғашқы 4 айында экономикасы дамып келе жатқан елдердің шамамен 90% азық-түлік бағасының инфляциясы 5% асты. Болжам бойынша, бұл үрдіс біраз уақытқа созылады. Бұл проблема негізінен халқының табысы төмен және орташа деңгейдегі елдерге қатысты. Өйткені олар ұлттық табыстың көп бөлігін азық-түлікке жұмсайды», - деп түсіндірді ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі.

Ол Қазақстан күш-жігерін өнімділікті арттыруға көмектесетін тиімді және тұрақты технологияларды пайдалануға бағыттауы керек деп санайды.

Сондай-ақ, фермерлер өз өнімдерін тұтынушыларға тиімді жеткізу жолдарып қарап, қоймалар және қайта өңдеу жабдықтары секілді инфрақұрылымға қаражат құйғаны абзал.

Фермерлер үшін қаржыландыруды, оның ішінде нарыққа бағдарланған шешімдер әзірлеу үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының көмегімен неғұрлым қолжетімді ету қажет.

«Бізге сауда ағынын барынша ашық ұстау, экспортқа тыйым салуды барынша азайту және басқа елдермен шараларды үйлестіру қажет. Қазақстан экономикасы неғұрлым серпінді және әлеуметтік өркендеуі зор ел ретінде қазіргі сын-қатерлерді еркін еңсеретініне сенімдімін», - деп түйіндеді Сума Чакрабарти.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов халықаралық қаржы концеренциясының қатысушыларын Қазақстанға инвестиция салуға шақырды. Оның айтуынша, ел Үкіметі инвесторларға қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсетіп отыр.

Қазіргі уақытта республикада жеңілдетілген инвестициялық режим көзделген. Қазақстан - әлемдік нарыққа шығудың қақпасы және Орталық Азиядағы транзиттік хаб.

Жылдық тауар айналымы $100 млрд-қа бағаланады, өңірлік тауар айналымының 53% Қазақстанға тиесілі.

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия елдері мен Қытайды қоса алғанда, нарыққа 1 млрд-тан астам әлеуетті тұтынушының қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласында үш күн бойы (27-29 маусым) «Astana Finance Days» V халықаралық конференциясы өтіп жатыр.

«Астана» халықаралық қаржы орталығында ұйымдастырылған айтулы шара биыл орнықты даму, әлеуметтік жауапкершілік және өсу мәселесін көтерді.

Кеше Үкімет басшысы орынбасары Бақыт Сұлтанов Қазақстанның ЕО елдеріне шығаратын экспорт көлемі ұлғайғанын мәлім етті.

Оның айтуынша, бүгінде ЕО-мен 216 жаңа экспорттық тауар пайда болды.

Сондай-ақ, Еуроодақтың Қазақстанға құйған инвестициясы соңғы 10 жылдың өзінде шамамен 270 млрд еуроны құрап, 27 жоба пысықталып жатыр.


Соңғы жаңалықтар