Astana Finance Days: Биыл Қазақстанның ЕО елдерімен тауар айналымы 50% өсті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан 2024 жылы қаржы ұйымдары үшін ESG (экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару стандартының жиынтығы) тәуекелдері бойынша тестілеу өткізуді жоспарлап отыр. Тестілеудің әдіснамасы мен сценариі келесі жылы дайын болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласында үш күн бойы (27-29 маусым) «Astana Finance Days» V халықаралық конференциясы өтіп жатыр.

«Астана» халықаралық қаржы орталығында өтіп жатқан шараның биылғы тақырыбы - орнықты даму, әлеуметтік жауапкершілік және өсу.

«Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы қарсаңында біз ЕО-мен әріптестіктің өзекті, маңызды, неғұрлым белсенді кезеңге өтіп жатқанын растаймыз. Қалыптасып отырған күрделі жағдайда әлемдік экономика трансформация процесін бастан кешіп отыр. Жаһандық өзгерістерге теріс әсер ететін пандемияның салдары, санкциялар, сұраныстың төмендеуі және логистикалық үзілістер болды. Соңғы 10 жылда ЕО елдерімен сауда көлемі құлдырауды көрсетіп отыр (2012-2021 жылдары тауар айналымы $52,5-тен $28,9 млрд-қа яғни 45%-ға төмендеді). Біз мұны шикізат тауарлары бағасының құбылмалылығымен байланыстырып отырмыз. Жыл басталғалы 4 ай ішінде ЕО елдерімен тауар айналымының 50%-дан асып түскені ($8,2-ден $12,7 млрд-қа дейін) қуантады», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Сауда және интреграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Үкімет басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, Қазақстанның ЕО елдеріне шығаратын экспорт көлемі ұлғайды. Бүгінде 216 жаңа экспорттық тауар пайда болды.

Сондай-ақ, Еуроодақтың Қазақстанға құйған инвестициясы соңғы 10 жылдың өзінде шамамен 270 млрд еуроны құрады. Бүгінгі таңда 27 жоба пысықталып жатыр.

«Бүгінде көптеген елдер туындаған дағдарыстық жағдайға жаңаша көзқараспен қарауға, бұрын қабылданған нормалар мен тәжірибеден бас тартып, жұмыстың жаңа форматына көшуге мәжбүр. Қазір елімізде ауқымды саяси және экономикалық реформа жүріп жатыр. Олар мемлекеттік басқаруды қайта жүктеуге және «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған. Реформа кешенді экономикалық қайта құрумен қатар іске асырылып жатыр. Осы орайда біз Еуроодақпен екіжақты экономикалық байланысты одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз», - дейді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан - Орталық Азия елдері арасында Еуроодақпен кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған алғашқы ел.

«Біз ЕО-ның Орталық Азия өңіріндегі сенімді серіктесіміз. Ынтымақтастық спектрі бойынша екіжақты келісімнің үлкен әлеуеті бар. Еуроодақпен өзара іс-қимыл экономикалық даму, ішкі және сыртқы ойыншылардың мүддесі жағынан біздің көзқарасымызға сай келеді. Сындарлы және жасампаз ынтымақтастық арқылы ғана өңірлік қатынасты нығайтуға және күн тәртібіндегі өзекті экономикалық мәселелерді шешуге толықтай ықпал ете аламыз», - деді Б. Сұлтанов.

Өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов елде жүріп жатқан саяси және экономикалық реформаларды сөз етті.

«Пандемиядан кейін әлем бойынша кіріс көзі азайды. Одан кейін елімізде қаңтар оқиғасы болды. Аталған оқиға елдегі жалпы жағдайды өзгерту қажеттігін көрсетті. Мемлекет басшысы шұғыл шешімдер қабылдап, конституциялық реформаны қолға алды. Елдегі өзгеріс Парламент арқылы емес, референдум арқылы жүріп жатыр. Яғни халыққа ерік пен таңдау берілді. Бұл - Қазақстанға қатысты жағдай. Дүниежүзілік банк ұсынысына келсек, бизнес моделін өзгерту қажет. Бізге келсек, Қазақстанда бұл бағытта бірнеше мегатренд бар. Бұған дейін «Huawei» өкілі атап өткендей, технология қарыштап дамып жатыр. Қазақстан көштен қалмай келе жатыр. Біз Еуразия ынтымақтастық ұйымы аясында жасалған келісімге сәйкес жұмысты жалғастыра береміз», - дейді ол.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова елімізде тұрақты даму қағидаттарын ескере отырып, қаржы ұйымдарының стратегиялары мен бизнес үлгісі кезең-кезеңімен интеграциялау саясатына сай жүріп жатқанын мәлім етті.

«Бірінші кезеңде біздің агенттік қаржы ұйымдарына ESG тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі туралы ақпаратты ерікті түрде ашуға қатысты ұсынымдар жобасын әзірледі. Қаржы ұйымдары болса ESG тәуекелдерінің өз қызметіне әсері туралы ұсынымдарды өз еркімен енгізіп, есепті жариялай алады. Келесі қадам ESG қызметіне қатысты ақпаратты ерікті түрден міндетті түрде жариялауға көшіру. Екіншіден, біз тәуекелдерді басқарудың ішкі жүйесі мен банктердің корпоративтік басқару жүйесін өзгерту үшін реттеуші нормаларға қажетті өзгеріс керектігін қарастырып жатырмыз. Үшінші кезеңде ESG тәуекелдері қаржы ұйымдарын қадағалау жүйесінде интеграцияланады. Яғни ESG тәуекелдерінің мониторингі банктер бойынша SREP жыл сайынғы қадағалау бағалауы шеңберінде жүзеге асырылады», - дейді агенттік басшысы.

Сондай-ақ, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылы қаржы ұйымдары үшін ESG тәуекелдері бойынша тестілеу өткізуді жоспарлап отыр.

Тестілеудің әдіснамасы мен сценариі 2023 жылы әзір болады.

Айта кетсек, ESG - экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару стандартының жинағы.

«Айтылған міндеттерді іске асыру үшін агенттік тұрақты даму қағидаттарын имплементациялау жөніндегі құқықтық базаны құру бойынша халықаралық қаржы ұйымдарымен белсенді ынтымақтастық жасайды. Биыл сәуірде агенттік IFC-мен ESG бойынша ынтымақтастық туралы шарт жасасты. Қазақстанда тұрақты және «жасыл» қаржыландыру жүйесін енгізу жөніндегі жол картасын әзірлеу жоспарланып отыр. Сол сияқты жасыл таксономияны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру де ойда бар. Тағы да IFC-пен бірге қаржы ұйымдары үшін ESG тәуекелдерін басқару жөніндегі нұсқаулық және ESG тәуекелдер жөніндегі ақпаратты ашу жөніндегі нұсқаулық әзірленеді», - дейді М. Әбілқасымова.

Одан бөлек, агенттік басшысының сөзінше, Еуропа қайта құру және даму банкі және IFC-мен ынтымақтастықта қаржы нарығына қатысушылардың ESG мәселелері мен тұрақты қаржыландыру құралдары туралы хабардар болуын арттыруға бағытталған бірқатар іс-шара өтеді.

«Қазақстанда өткен жылдан бастап «жасыл», әлеуметтік облигациялар, орнықты даму облигацияларын шығару мақсатында орнықты қаржыландыру құралдары үшін қажетті құқықтық орта қалыптасты. Бүгінде тұрақты дамумен байланысты облигация нарығының көлемі 200 млн АҚШ долларынан (95,8 млрд теңге) асып түседі. Ал KASE-де аталған облигацияның көлемі 125 млн АҚШ долларын құрап отыр. Эмитенттер ретінде Азия даму банкі (79 млн АҚШ доллары), Еуразиялық даму банкі (43 млн АҚШ доллары) және «ДАМУ» қоры (2,2 млн АҚШ доллары) қатысты», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар