Astana Finance Days: Азия елдері цифрлық өнімдер жасауда ынтымақтаса алады
2022 жылғы 27 маусым 22:36

Astana Finance Days: Азия елдері цифрлық өнімдер жасауда ынтымақтаса алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Іскерлік кеңесінің 5-ші пленарлық отырысында цифрландыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, АӨСШК құрамында 27 мемлекет бар және бұл ұйым Азия аумағының 90% қамтиды.

Отырыс ашылуында АӨСШК Іскерлік кеңесінің басқарма төрағасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы, Райымбек Баталов қатысушыларды ұйымның 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, бүгінгі шараның елдерінің бизнес өкілдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

«Іскерлік кеңестің бүгінгі бесінші отырысы АӨСШК мүше мемлекеттердің бизнес-процестерді цифрландыру саласындағы ынтымақтастық перспективаларына, аса өзекті болып отырған азық-түлік қауіпсіздігін дамытуға арналған. Ол АӨСШК кеңістігінде шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігін жандандыру бойынша жаңа шешімдерді іздестіруде біздің ортақ міндеттерімізге сай келеді, себебі мұнда әлемдік ЖІӨ-нің 50%-дан астамы құрылады және жаһандық экономикалық өсудің 2/3 бөлігі қамтамасыз етіледі», - деді Р. Баталов «Астана» халықаралық қаржы орталығында өткен АӨСШК Іскерлік кеңесінің 5-пленарлық отырысында.

Р. Баталов COVID-19 пандемиясының цифрландыру процесін тездетіп, жаңа шешімдер жеке және мемлекеттік секторларға локдаун және басқа да шектеулерде жұмыс істеуге көмектескенін айтты.

«Қазіргі әлемде цифрлық технологиялар Қазақстан экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Цифрлық технологиялар бірқатар артықшылық берді – бұл халық пен бизнестің мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін оңайлату, ақпарат алмасуды жеделдету, бизнес жүргізуде жаңа мүмкіндіктердің пайда болуы, жаңа цифрлық өнімдерді жасау. Цифрлық технологияларды енгізу мен дамыту нарықтардың өзгеруіне әкелді және кәсіпкерлерден өз бизнес-модельдерін қайта қарастыруды талап етті. Сонымен бірге, цифрлық технологиялар шағын және орта бизнеске кейбір құрылымдық кемшіліктерді түзетуге көмектесетін ерекше артықшылықтарды ұсынды», - деді шара модераторы.

Сонымен бірге, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов АХҚО мен АӨСШК ұйымдарының ұқсастықтары көп екенін айтты.

«Біз елдермен ынтымақтастыққа, қауіпсіздік саласындағы сенімді арттыруға баса назар аударамыз. Біздің миссиямыз – Орталық Азиядағы өмірді жақсарту үшін өңірлік инвестициялық хабты қамтамасыз ету. Екінші жағынан, бұл сессияның тақырыбы цифрландыруға бағытталған. Қазақстан Үкіметі цифрлық трансформацияға бағытталған. Қазіргі заманғы қаржы орталығы ретінде біз цифрлық қаржы хабын дамытуға және Қазақстанға жаңа технологияларды тартуға көңіл бөлеміз. АХҚО – ТМД кеңістігіндегі әдеттегі құқықтың жалғыз юрисдикциясы. Бірқатар шет елдер Орталық Азияға инвестиция салу үшін АХҚО-ны таңдайды деп үміттенеміз. Екінші жағынан, бізде шағын және орта бизнесті қолдайтын арнайы ұйым – TechHub бар. Теххаб венчурлік инвесторлар тек Қазақстаннан ғана емес, өңірдің басқа елдерінен де стартаптарды қолдау үшін арнайы венчурлік жүйе құрады», - деді Қайрат Келімбетов.

АХҚО басшысы заманауи қаржылық хаб болып саналатынын және Қазақстанға 6 млрд доллардан астам инвестиция тартқанын, АӨСШК-тің барлық мемлекеттерімен жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

Қазақстанның Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та цифрландыру мәселесінде пандемияның триггер болғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта біз COVID-19 пандемиясына дейінгі және одан кейінгі өмірімізді жиі салыстырамыз. Цифрландыру мәселесінде пандемия да триггер болды. Әрине, коронавирусқа дейін цифрландыру бүкіл адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналды және Қазақстан да бұдан тыс қалмады. Қандай да бір елдегі цифрландыру процесінің табысты болуында жаһандық Интернет желісінің таралуы басты мәнге ие болды», - деді Ұлттық экономика министрі.

Министрдің айтуынша, 2019 жылға қарай әлемде интернет пайдаланушылар саны 4 млрд адамға жетті. Қазақстан Үкіметі мен бизнес өз тарапынан байланыстың негізгі повайдерлері ретінде еліміздің жедел «интернеттенуіне» үлкен қаражат пен күш жұмсады.

Ал PwC Kazakhstan компаниясы Цифрлық Қазақстан қауымдастығымен бірлесіп жүргізген «2021 жылғы Қазақстандағы бөлшек электрондық коммерция нарығын талдау» зерттеуіне сәйкес, екі жылда Қазақстанның электрондық сауда нарығы көлемі 327 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге дейін ұлғайған.

Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары сэр Сума Чакрабарти шағын бизнестің процестен артта қалу қаупі бар екенін өйткені цифрлық шешімдер негізінен ірі кәсіпорындар үшін жасалады және шағын және орта бизнес үшін тым қымбат болуы мүмкін.

«Үкімет шағын және орта бизнестің жұмыс орындарын ашудағы маңыздылығын ескере отырып, олардың өсуі мен дамуы үшін, оның ішінде цифрлық процестерді енгізу үшін жағдай жасап, бар күш-жігерін жұмсауға тиіс. Соңғы 10 жылда ЭЫДҰ елдері Қазақстандағы бизнеске нормативтік жүктемені төмендету бойынша жұмыс істеді. Осыдан кейін өткен жылы реттеу тәсіліне негізделген заңнама қабылданды. Жақында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнесті қолдауға баса мән берді және бұл өте маңызды. Бірақ АӨСШК мүше мемлекеттер мен іскерлік кеңес шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында ынтымақтаса алар еді», - деді сэр Сума Чакрабарти.

Мысал ретінде спикер деректерді жинауды келтірді. Үкімет ШОБ туралы неғұрлым сапалы деректер жинауы қажет. Содан кейін бұл деректер инфрақұрылымды қолдау және құру шарттарын әзірлеу және ШОБ-тың кредиттік қабілетін анағұрлым дәл бағалау, анағұрлым әділ шарттармен несиемен қамту үшін пайдаланылуы мүмкін.

«Екіншіден, ШОБ бизнес-процестерді цифрландырудағы күш-жігерді қоса алғанда, олардың қажеттіліктеріне бейімделген қаржыландыру мен консультациялық қолдауды қажет етеді. Канадалық зерттеу көрсеткендей, ШОБ кешенді түрде ұсынылған кезде ғана оны барынша тиімді қолдауға болады. Мысалы қаржылық қолдау мен кеңес беру қызметтерінің үйлесімі, оның ішінде әлеуетті арттыру және кеңес беру, нарықты бағыттау және желілер құруды қолдау. Үшіншіден, біз теңсіздікпен күресуіміз керек және ШОБ-ты қолдау – керемет әдіс. Сондай-ақ, ШОБ-қа көмек әйелдерді қоса алғанда, жағдайы төмен қауым өкілдеріне жеке қолдау көрсетуге бағытталуы тиіс», - деді Реформалар жөніндегі жоғары кеңес өкілі.

Осылайша, АӨСШК халықаралық ынтымақтастық пен білім алмасуға ықпал ете алады. Бұл әсіресе тез дамып келе жатқан цифрландырға қатысты.

«Мұнда екі нақты мүмкіндік бар. Қазақстан шағын және орта кәсіпорындар кеңінен пайдаланатын өнімдерді қоса алғанда, финтехтің ірі орталығына айналды. Кеңдеу аймақтағы елдері Би ту Би және Би ту Си шешімдерін жасау үшін бірлесіп жұмыс істеуі керек. АХҚО хабы бұл жерде фирмаларға заманауи инфрақұрылымды, икемді ережелер мен құқықтық ашықтықты ұсынады. Біз осы мүмкіндікті барлық өңір бойынша шағын және орта бизнес үшін цифрлық өнімдер жасауға қызмет ететін серпінді экожүйені құру үшін пайдалануымыз керек», - деді сэр Сума Чакрабарти.

Айта кетейік, 27-29 маусым күндері «Астана» халықаралық қаржы орталығы орнықты даму, әлеуметтік жауапкершілік және өсу мәселелеріне арналған «Astana Finance Days» V конференциясын өткізеді.

Astana Finance Days – өңірдегі қаржы саласындағы ең ірі конференциялардың бірі. Соңғы төрт жылда конференция жүзден астам елден 15 мыңнан астам қатысушыны тартты. «Орнықты даму, әлеуметтік жауапкершілік, өсу» конференциясында капитал нарықтары, Ислам қаржысы, Fin&Tech, жасыл даму, инвестиция тақырыптары талқыланады.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT