Astana Finance Days: АХҚО мен оңтүстіккореялық қаржы орталығы келісім жасасты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Astana Finance Days аясында АХҚО мен Пусан қаласын дамытудың халықаралық қаржы орталығы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құжатқа «АХҚО Әкімшілігі» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Құсайынов пен Пусан қаласын дамытудың халықаралық қаржы орталығының басшысы Янг Хо Парк қол қойды.

Тараптар бизнес-желілерді өзара тиімді кеңейтуге, экономиканың өсуіне және өңірлік жобаларды дамытуға бағытталған бірыңғай бизнес-стратегиялар мен жобаларды әзірлеуді және түрлі бағдарламалар мен іс-шаралар арқылы білім алмасуды көздеп отыр.

Пусан қаласын дамытудың халықаралық қаржы орталығы мен АХҚО халықаралық қаржы саласындағы, қаржы құралдарындағы үрдістер, банктік, қаржылық қызмет көрсету және бағалы қағаздар туралы заңнама салаларында озық жұмыс тәжірибесімен алмасады.

Қос орталық семинарлар мен конференциялар ұйымдастыруда, сондай-ақ қызметкерлерді оқыту мен кәсіптік дамыту саласында бір-біріне жәрдемдесетін болады.

Айта кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылы «Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында құрылды. АХҚО мақсаты - шикізат емес секторға баса назар аудара отырып, Қазақстанға шетелдік инвестициялардың ағынын ұлғайту, капиталдың ішкі нарығын дамыту, перспективалы қаржы салаларында жеке сараптама жасау.

Соңғы жаңалықтар