«Astana Film» киностудиясына ЭКСПО маңынан 50 гектар жер бөлінді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana Film» киностудиясын құру үшін ЭКСПО-ға жақын маңнан 50 га жер бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақфильмнің» жерін тартып ала ма, жоқ па деген сұраққа қатысты жауабым - қазіргі уақытта бізге осы Астана қаласынан «Astana Film» киностудиясын құру үшін ЭКСПО-ға жақын маңнан қосымша 50 га жер бөлінді. Ол киностудия «Қазақфильмнің» филиалы бола ма, жоқ әлде жеке киностудия бола ма - ол жағы әлі қарастырылады. Ал «Қазақфильмнің» жері туралы мәселе заңгерлік сатыда», - деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының бірінші вице-президенті Серік Жұбандықов.

Оның айтуынша, «Қазақфильмнің» алаңы әу баста Этноауыл салуға берілетін болған.

«Алайда ол алаңда қазіргі таңда «Томирис» фильмінің декорациясы салынып қойды. Сонымен бірге, жаңа форматтағы жаңа декорацияның құрылысы жүріп жатыр. Біз Түркиядағы әріптестерімізге барып, «Ертұғрылдың» түсірілім алаңдарын көріп келдік. Осыдан кейін олар көрермен тарту үшін барлық декорацияны қалдыратын болып шықты. Менің ойымша, келесі жылы осы мәселені күн тәртібінен алып тастауға дәлелдер баршылық», - дейді Серік Жұбандықов.

Еске сала кетсек, аталмыш брифингте Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз хатшысы Айнұр Исаева қазақ тіліндегі анимациялық фильмдер кинотеатрларда неліктен ыңғайлы уақытқа қойылмайтыны туралы сұраққа жауап берген еді.

 

Соңғы жаңалықтар