«Астана» Еуропа лигасында «Санта-Коломамен» тең түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Еуропа лигасы аясындағы екінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойындары аяқталды. Елордалық «Астана» сырт алаңда Андорраның «Санта-Колома» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Санта-Колома» жарысты аталмыш турнирдің алдын ала іріктеу сатысынан бастады. Алдымен, алдын ала іріктеудің жартылай финалында Сан-Мариноның «Тире Пенне» командасын 1:0 есебімен жеңіп, одан кейін финалда Косовоның «Ферроникели» клубына 1:2 есебімен жол берді. Осылайша, Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысына қатысатын болды.

Бүгінгі «Астана» - «Санта-Колома» матчы Андорра-ла-Велья елдімекеніндегі 1 600 адам сиятын «Комуналь» стадионында өтті. Бұл елдімекенде 3 мыңға тарта адам тұрады.

«Санта-Колома» «Астанаға» лайықты қарсылық көрсете алды. Бірінші кезеңде ойын тізгіні негізінен елордалық футболшылар қолында болды. Десе де, алаң иелері қарсы шабуыл ұйымдастырды. Бұл кезеңде «Астананың» гол соғатын екі мүмкіндігі болған еді. Дегенмен, оны елордалық футболшылар орындай алған жоқ. Оның бірінде доп қақпа бағанасына тиіп, кейін серпілді. Екіншісінде алаң иелерінің қақпашысы әбжілдік танытты. Кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды.

Енді екі команда 1 тамызда қарымта ойын өткізеді. Бұл кездесу Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Жеңімпаз команда жарыстың келесі сатысында бүгінгі таңда Чемпиондар лигасы екінші сатысында сынға түсіп жатқан «Ференцварош» (Венгрия) және «Валлетта» (Мальта) жұбының жеңілген командасымен шеберлік байқасады.

Сондай-ақ, Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде 25 шілдеде сырт алаңда Алматының «Қайраты» «Хапоэль» (Безр-Шева), Шымкенттің «Ордабасы» клубы Чехияның «Млада-Болеслав» командасымен кездеседі.

Соңғы жаңалықтар