«Астана ЭКСПО-2017» Қоғамдық кеңесінің төрағалығына Е.Сыдықов сайланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің бірінші отырысы барысында оның төрағасы қызметіне Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сайланды.

«Қазір мен ең алдымен қоғамдық кеңестің төрағасын сайлап алуды ұсынамын. Одан кейін сіздердің тараптарыңыздан сауал туындайтын болса, мен бірден жауап беруге дайынмын», - деген «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов төраға қызметіне кандидатура ұсыну үшін сөзді қоғам қайраткері, журналист Артур Платоновқа берді.

«Ерлан Батташұлы Сыдықовты ірі қоғам және саяси қайраткер, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры ретінде білеміз. Ол барынша лайықты кандидат», - деді ол.

Осыдан кейін отырысқа қатысушылар Е.Сыдықовтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді.

«Ерлан Батташұлы елімізге есімі танымал адам. Белсенді қоғам қайраткері, біздің ең ірі жоғары оқу орындарымыздың бірі Еуразия ұлттық университетіне басшылық жасайды. Бұл университетті құруға мемлекеттің қаншама күш-жігері, қаржысы жұмсалғаны, Президенттің өзі айрықша назар аударғаны есімде. Қазіргі уақытта бұл университет ғылым, кадрлар дайындау саласында жетекші білім ордасы болып отыр, табысты жұмыс істеуде. Сондықтан да мен дұрыс таңдау жасалды деп білемін. Сізді тағы да құттықтаймын», - деді А.Есімов.

Соңғы жаңалықтар