Астана дүкенінен қауіпті сэндвичтер анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы супермаркеттердің бірінде адам денсаулығына қауіпті сэндвичтер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен мәлім еткендей, тексеру барысында «Алма» супермаркетінен «Күнжіт пен тауық еті қосылған француз сэндвичі» және «Күнжіт пен шұжық қосылған француз сэндвичі» дайын өнімдері (жеткізуші - «Respect» ЖШС) сатып алынған. Нәтижесінде, олардан адам ағзасына қауіпті микроорганизмдер анықталды.

«Аталған сэндвичтерде ішек таяқшалары болған. Оларды тұтынғаннан кейін улану мен ауруханаға түсу қаупі бар», - деді департамент басшысы Сәдуақас Байғабылов.

Атап өтілгендей, өнімнің сыртында шығарушы кәсіпорын туралы мәліметтер көрсетілмеген. Сондықтан олардың орналасу мекенжайын анықтау қиынға соғып отыр.

«Сэндвичтер үй жағдайында дайындалуы мүмкін. Егер бұл өнімдерді елордадағы дүкен сөрелерінен байқасаңыз, мына нөмірге байланысуларыңызды сұраймыз 8 /7172/ 31-61-81 немесе департаменттің Facebook-тегі парақшасына жазуға болады», - делінген департамент хабарламада.

Сондай-ақ, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті таңбаланбаған немесе қателіктермен таңбаланған өнімдерді сатып алмауға және оның қауіпсіз екенін растайтын құжаттарды талап етуге шақырады.

 

Соңғы жаңалықтар