«Астана»-«Динамо-Киев» матчы: Елордада көлік қозғалысы шектеледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана Арена» стадионында «Астана» мен «Динамо-Киев» (Украина) футбол клубтарының кездесуі өтеді. Осыған орай, қаланың бірқатар көшесінде көлік қозғалысы шектеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңінің бесінші тур ойындары сағат 21.45-те басталады.

«Керей мен Жәнібек көшесінен Ұлы дала даңғылына дейін Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарында жол қозғалысы шектеледі. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық көліктерге басымдық беріледі», - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.

Сонымен бірге, Полиция департаменті жүргізушілерге жеке автомобильдерді үйде қалдырып, қоғамдық көлікке мінуге кеңес береді. Астана әуежайына және сол маңдағы елдімекендерге баратын тұрғындар да алдын ала өзге маршрутты таңдағандары жөн.

«Көрермендерге қолайлы болуы үшін сағат 20.00-21.00 аралығында жолаушыларды стадионға апаратын шаттл-автобустар жұмысы ұйымдастырылады. Олар Астананың үш ауданынан - «Қазақстан» спорт кешені автотұрағынан, «Нұр Астана» мешітінің автотұрағынан және астаналық цирктің автотұрағынан қатынайды», - дейді департаменттің баспасөз қызметі.

Футбол матчынан кейін көрермендерді қалаға алып қайтатын автобустар «Астана Арена» стадионының бірінші жолағына келеді. Одан бөлек, қалаішілік автобустар қалыпты кесте бойынша жүреді.

Соңғы жаңалықтар