«Астана» Данияның «Мидтьюлланд» командасын тізе бүктірді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» өз алаңында УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында Данияның «Мидтьюлланд» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойын танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының жүлдегері Денис Теннің қайтыс болуына байланысты, 1 минуттық үнсіздік сақтаумен басталды.

«Астана» іріктеу кезеңінің бірінші раунды аясында Черногорияның «Сутьеска» командасын орта жолда қалдырды. Өз алаңында пенальтиден соғылған жалғыз голдың көмегімен жеңсе, сырт алаңда 2:0 есебімен басым түскен болатын.

Елордалық ұжым «Мидтьюлланд» командасына қарсы алғашқы ойынды өз алаңында, «Астана Арена» стадионында өткізгендіктен әрі еурокубоктардағы тәжірибесі қарсыласына қарағанда көбірек болғандықтан, оны футбол мамандары фаворит ретінде көрсеткен болатын. Алайда ойынның алғашқы минуттарында бұл басымдық байқала қойған жоқ. Ара-тұра ұйымдастырылған шабуылдар да нәтижесіз аяқтала берді. Кейде елордалық ұжымның шабуылы мардымсыз болып жатты, ал кейде даттардың қорғаныс шебі, дәлірегі, Хансен-Санне-Святченко үштігі қалтқысыз өнер көрсетті. Қауіпті шабуылдардың аздығынан, қонақтар «Астана Аренада» өздерін еркін сезіне бастады. Тіпті, кейде дриблинг жасауға да батылы бара бастады.

Астаналықтар да осы еркінсінуді күткендей екен, 31-минутта алаң орталығында доп алған 6-шы нөмірдегі Ласло Кляйнхайслер қарсыластың қорғаныс шебінде пайда болған бос кеңістікті ұтымды пайдаланып, айып алаңына жақындай бергенде, допты пәрмендеп соқты. Қарсыластар қақпашысы Йеспер Хансен күшті соққыны қайтаруға дәрменсіз болып шықты - 1:0.

Голдан жігерленген жергілікті команда 1-таймның аяғына дейін есепті еселей түсуге әрекет жасады. Бірақ қонақтардың қорғанысы үзіліске дейін басқа гол жібермеді. Румыниялық төреші Раду Петреску бірінші таймның аяқталғанына белгі берді.

«Астана» бас бапкері Роман Григорчук бірінші таймдағы шабуылдар кезінде Роман Мұртазаев қарсыластардың шапшаң орталық қорғаушысы Бубакар Санненің қарсылығын жеңе алмай жатқанын көрді. Сондықтан, украиналық маман оның орнына екінші таймда үлкен матчтарда тәжірибе жинақтаған әрі еңсегей бойлы Алексей Щеткинді шығарды. Таймның басынан ойын қыза түсті. 51-минутта даниялықтар кешенді шабуыл ұйымдастырып, есепті теңестірді. 88-нөмірдегі вингер Густав Викхаймның айып алаңының оң жақ тұсынан кіре бере қақпаның алыс сол жақ төменгі бұрышына күшті соққы бағыттады. «Астана» капитаны Ненад Эрич командасын голдан құтқара алмады. 

Бүгін алаңға тек жеңіске жету жоспарымен шыққан Григорчук шәкірттері негізінен екі қапталдан шабуыл ұйымдастырды. Бірақ жақсы ұйымдасқан дат командасының қорғанысын бұлай жарып өту мүмкін болмады. Оның үстіне астаналықтар пас беруде жиі қателесіп, кейде бір-бірін түсінбей жатты.

Соңғы минутта Ласло Кляйнхайслер айып алаңының орта тұсынан тағы да күшті соққы бағыттап, «Астана» жанкүйерлеріне жеңіс сыйлады.

Енді жауап ойыны Данияның Хернинг қаласында 1 тамыз күні болады.

«Астана»: Эрич, Рукавина, Аничич, Кляйнхайслер, Мужиков (Алмейда 76'), Энрике (Р. Янга 85'), Томасов, Маевский, Постников, Мұртазаев (Щеткин 46'), Шомко.

«Мидтьюлланд»: Й. Хансен, К. Хансен (Ц. Коршмар 77'), Справ, Я. Поульсен, Даль Хенде, Окосун (Окосун 68'), Мунксгор, Санне, Святченко, Онуачу, Викхайм (М. Джордже 85').


Фото:www.fcastana.kz

Соңғы жаңалықтар