Astana Club сарапшылары қандай мәселелерді талқылауда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада осымен төртінші жыл қатарынан «Астана Клубының» отырысы өтуде. Бұл жолғы халықаралық шараның алғашқы күнінде сарапшылар жаһандық экономикадағы өзгерістер мен адамзат алдына қойылған жаңа міндеттер туралы пікір таластырып, геосаясаттағы мәселелер мен сауалдардың шешімін экономикалық интеграция арқылы табуға болады деген ортақ пайымға келді.

Дағдарыс пен тұрақсыздық кезеңінде Еуразияға төніп тұрған қауіптер, жалпы, сарапшылардың басты назарында болды. Сондықтан да «Үлкен Еуразияға апарар жол: ортақ болашақты қалай құрамыз?» деген негізгі тақырып төңірегінде қызу пікір алмасылды.

Жиынды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының директоры Дариға Назарбаева ашып, биылғы отырыстың тақырыбы Қазақстан үшін өте маңызды екенін атап өтті. Өйткені «Үлкен Еуразия» идеясы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екендігін, бұл ұсынысын алғаш рет 2015 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен айтқанын еске салды.

«Үлкен Еуразия» немесе «интеграциялардың интеграциясы» дегеніміз - Еуразиялық экономикалық одақ, «Жібек жолы» экономикалық белдеуі мен Еуроодақтың тығыз байланыс орнатуы. Ортақ достық алаңын құру, яғни, бейбітшілік, қауіпсіздік пен даму - осы кеңістіктегі барлық ірілі-ұсақ елдердің басты саяси ұстанымы», - деді Дариға Назарбаева.

Отырыс барысында көпшілікке «2019 жылы Еуразия үшін төніп тұрған әлемдік қауіптердің рейтингі» халықаралық зерттеуі ұсынылды. Зерттеу жұмысына әлемнің ең үздік беделді 30-дан астам сарапшылары мен саясаткерлері қатысқан. Олардың пікіріне мемлекет басшылары, халықаралық институттар мен ірі БАҚ өкілдерінің құлақ асатынын атап өткен жөн. 60 елден 1000-нан астам кәсіби респондентке сауалнама жүргізілген. Сарапшылардың болжамына сәйкес өңір үшін төніп тұрған басты жаһандық қатерлер мыналар: Қытай мен АҚШ текетіресінің  шиеленісуі; кең ауқымды сауда соғысы; Таяу Шығыстағы үлкен соғыс; Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынастың одан ары нашарлауы; Еуразиядағы «шиеленіс ошақтарының» қайта жандануы; жікшілдік, этнос пен конфессияаралық шиеленістердің ушығуы; экологияға және су ресурстарына төнген қауіптердің ушығуы; киберқауіптердің дамып, күшеюі; жаппай қаруланудың жаңа кейпі; ірі ядролық және техногендік апаттар қаупі.

2019 жылы Еуразия құрлығына төнетін осындай басты қатерлер жария етілгеннен кейін алқалы жиынға қатысқан шетелдік сарапшылар да өз пікірін білдірді. Мәселен, Бреттон-Вудс (RBWC) жаңарту жөніндегі комитет директоры Марк Узан экономикалық бағыттарға баса мән беріп, онжылдық қаржылық дағдарыстан соң әлем монетарлық саясатты жөнге келтіре бастағанын еске салды. Алайда келешекке жасалған болжам жаңа қауіптер мен жаңа міндеттерді айқындап бергендігін де ескертті.

«Жаһандық экономика туралы сөз қозғағанда саудалық кедергілерді де ұмытпаған жөн. Олар әлемдік экономиканың ілгері жылжуына жол бермеуі мүмкін», - дейді Бреттон-Вудс басшысы.

Ал Атлантикалық кеңестің стратегиялық болжау бастамасының директоры Мэтью Барроуз АҚШ пен Қытай арасындағы текетіреске назар аударды. Ол екі мемлекеттің қарым-қатынасы келесі жылы нашарлай түсуі екіталай екенін жеткізді. Сарапшының пайымынша, Қытай мен АҚШ-тың бірігуге ұмтылуы ғаламдық тұрақтылыққа үлес қосады. Сондай-ақ ол келесі жылы жаһандық дағдарыс болмайды деген сенім білдірді.

Мадрид клубының бас хатшысы Мария Елена Агуэро болса, әлемдегі, оның ішінде Еуразиядағы діни және этникалық шиеленіске баса мән берді. «Еуразия құрамына көптеген этникалық және діни топтар кіреді. Сондықтан бұл аймақта шиеленістер туу қаупі бар. Еуразиядағы шиеленістердің тамыры діни қақтығыстарда жатыр»,- дейді М.Агуэро.

Діни және этникалық шиеленіс мәселесіне басқа да сарапшылар, оның ішінде IDEA халықаралық институтының бас хатшысы, Бельгияның бұрынғы премьер-министрі Ив Летерм де тоқталды. Ол бұл проблемалардың миграциядан туындайтынын атап өтті.

«Босқындардың гуманитарлық мәселелерін ескерген жөн. Мәселен, бұл мигранттарды ерікті кәсіби мамандар ретінде жұмысқа тартуға болады. Немесе оларға белсенді азаматтар ретінде заңдық тұрғыдан рұқсат берілуі тиіс. Оларға мүмкіндік беру арқылы экстремизм мен терроризмге қарсы күрес күшейе түседі», - дейді Ив Летерм.

Түркия экс-премьер-министрі, бұрынғы Сыртқы Істер министрі Ахмет Давутоглу болса, «қазір Еуразия үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін күрделі кезең келді» деп есептейді.

«Қазір халықаралық қатынастарда турбуленттік жағдайды бақылап отырмыз. Осындай геосаяси тығырықтан қалай шығуға болады? Ең алдымен, біз осы тығырықтың тарихи алғышарттарын түсінуіміз керек. Жаһандық мәселелерді шешу барысында сол өңірдің мемлекеттерінің жауапкершілігі өте маңызды. Бұл жауапкершіліксіз бейбітшілік орната алмаймыз»,- деді Давутоглу.

Сонымен қатар ол ең тиімді жауапты геосаясаттан емес, геоэкономикадан таба алатындығымызды баса айтты.

Елдер арасында қалыптасқан геоэкономикалық ықпал ортақ қызығушылық туғызып, салдары геосаяси мәселелер мен мемлекеттер арасындағы текетіреске әкеледі. «Жібек жолы» бұған жақсы дәлел. Бірнеше ғасырлар бойы көптеген империялардың дәурені жүріп тұрды. Олар пайда болып, жоғалып та кетіп жатты. Ал Жібек жолы жүздеген жылдар бойы тұрақты болды. Өйткені бұл жерде барлық тараптар  пайда тауып, қызығушылық содан орын алды. Мемлекеттер бір-бірімен соғысқанымен, бірақ бір мәселе бойынша үнемі ымыраға келіп отырды. Жолдардағы керуендердің қауіпсіздігі бәрінен де маңызды еді», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін «Астана Клубының» жалпы отырысы өтеді. Жалпы шараға әлемнің 30 елінен 50-ге жуық спикер қатысуда. Оның ішінде Австрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Польша, Португалия, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Хорватия, АҚШ, Швеция және Жапония өкілдері бар.

Соңғы жаңалықтар