+7 (701) 759 90 19
USD 383.95 EUR 429.26
RUB 6.16 CNY 55.02
Jańalyqtar

Astana Club сарапшылары Еуразияның басты 10 сын-қатерін жариялады

2019 жылғы 11 қараша 14:17
Бөлісіңіз:
Astana Club сарапшылары Еуразияның басты 10 сын-қатерін жариялады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Astana Club V отырысында «Еуразия-2020 басты 10 сын-қатері» тәуекелдер рейтингісінің екінші басылымы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұқсас жаңалықтар
Нұрсұлтан Назарбаев билік транзиті туралы пікір білдірді Елбасы: ЕО мен ЕАЭО – бір-бірін толықтыратын өзара байланысты ұйымдар Елбасы Еуразия экономикалық одағының болашағы туралы айтты

Аталмыш зерттеу жұмысына ірі БАҚ пен халықаралық институттар және мемлекет көшбасшылары пікіріне құлақ асатын 40-қа жуық сарапшы мен саясаткерлер қатысты. Бұдан бөлек, 70 елден 1100–ден астам кәсіби мамандары сауалнамаға тартылған.

Шара ұйымдастырушыларының хабарлауынша, негізгі сын-қатерлер қатарына сауда соғысы, зымыран-ядролық жарысы, жаңа технологиялар саласында басып озу күрестері енген.

Көрсетілген мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы Еуразияның ең басты сын-қатерлері рейтингіне мынадай мәселелер енді:

2020 жылы АҚШ-тағы президенттік сайлаудан кейінгі ахуал

АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп жаңа мерзімге қайта сайлану науқанын бастап кетті. Алайда қарсыластары оны импичментпен қорқытуда. Әлемнің жетекші державасының саяси дамуындағы белгісіздік бүкіл Еуразия үшін елеулі сын-қатерге айналуы мүмкін.

Жаһандық экономикалық құлдырау

Дүниежүзіне ықпал ететін кезекті экономикалық дағдарыс дамушы елдерде экономикалық мәселе салдарынан орын алуы мүмкін. Дамып келе жатқан нарықтарда капиталдың кетуінен валюта бағамы құлдырап, салдарынан компаниялардың қарызға батуы күшейіп, жаһандық дағдарыс орын алуы мүмкін болжануда.

АҚШ пен Қытай текетіресінің ушығуы

АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің күшею қаупі былтырғы рейтингте де көш бастаған еді. Бұл мәселе 2020 жылы да өзекті болып қала береді. Вашингтон мен Бейжің шиеленісін толыққанды стратегиялық қарсылық деп атауға болады.

Жаһандық қарулану жарысының жаңа кезеңі

2019 жылы қырғи-қабақты бәсеңдетуде маңызды болған Жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою жөніндегі келісімінің күшін жойғанына куә болдық. 2020 жылы бүкіл әлем стратегиялық қару саласындағы «ойын ережелерінің» жаппай жойылу ықтималдылығына тап болады.

Технологиялық үстемдік жарысының үдеуі

Технологиялық кеңістіктің геосаяси сегментациясы айқын бола түседі. Қытайлық Huawei және ZTE компанияларының мысалдарын IT-өнімдерді өткізу нарығын аймақтандыру тетігі деп қарастыруға болады.

Иранға қарсы әскери соғыс

Ядролық келісімді жою Иран төңірегіндегі қарама-қайшылықтардың одан әрі ушығуына ұласуы мүмкін. Иранның геосаяси қарсыластарымен текетіресі киберкеңістікке кеңінен таралуы мүмкін. Бұл жағдай Таяу Шығыстағы бүкіл қауіпсіздік жүйесін қысымда ұстайды.

Корей түбегіндегі ядролық дағдарыс

Солтүстік Кореяның бейбіт келісімге келу мен АҚШ-пен қарым-қатынасын қалпына келтіру қадамдары баяу қарқынмен жүруде. Қос тарап арасындағы келіспеушіліктер артқан сайын келісімдердің құрдымға кету қаупі күшейеді. Жағдайдың ушығуына 2020 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауынан кейінгі ахуал ықпал етуі мүмкін.

Терроризмнің жаңа толқыны

ДАИШ-тың талқандалғанына қарамастан, террористік топтар дамуын тоқтатпай, әрекет ету ауқымын кеңейтуде. Жалғыз өзі күрес ұйымдастырғандардың қатары да көбеюде. Бұдан бөлек, мұсылмандар мен мигранттар өзге конфессиялардың терроризмі мен «ақ» терроризм аталған топтардың құрбаны болып отыр.

Агрессивті ұлтшылдық пен популизм толқыны

Популизмді сайлау үдерісіне айналдыру және саясаткерлердің күрделі мәселелерді оңай шешуге деген ниеті әлеуметтік қақтығыстарды күшейтеді, сондай-ақ этникалық және діни араздық қаупін тудырады.

Климаттың өзгеруінен туындайтын ауқымды мәселелер

Ірі державалар арасындағы кикілжіңдер мен келіспеушіліктер 2020 жылы климаттың өзгеруіне қарсы күресті түбегейлі тоқтату қаупін тудырып отыр. Бұл басқа мемлекеттердің ұлттық мүддені желеу еткен өзімшілдік саясатын жүргізуін жеңілдетеді.

Айта кетейік, 11-12 қараша күндері «Назарбаев Орталығында» әлемнің жетекші дипломаттары мен саясаткерлерінің және сарапшыларының басын біріктірген «Астана Клубының» бесінші отырысы өтуде. Мерейтойлық отырыс тақырыбы «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында» деп аталады.

Кезекті басқосуға әлемнің 23 мемлекетінен геосаясат, экономика мен халықаралық қатынастар саласының маңдайалды сарапшылары ретінде мойындалған 50-ден астам халықаралық спикер қатысады. Құрметті меймандардың қатарында - 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және 1 Нобель сыйлығының лауреаты бар. Форумға қатысатын сарапшылардың географиясы кең. Атап айтсақ, АҚШ, Испания, Италия, Ресей, Жапония, Сербия, Аустрия, Норвегия, Қытай, Үндістан, Бельгия, Ауғанстан, Швеция, Португалия, Оңтүстік Корея, Египет, Бангладеш, Словения, Қырғызстан, Иран, Ұлыбритания, Пәкістан елдері бар.

«Астана клубы» отырыстарының бір бөлігі «Chatham house» ережелеріне сәйкес өтеді. Бұл талқылаудың жабық сипатта өтуін сақтайды және Еуразия мен әлемнің ең өзекті мәселелерінің өткір әрі ашық талқылануына мүмкіндік береді.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Айжан Серікжанқызы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT