«Астана Банкінің» жеке тұлғаларға депозиттер ашуға лицензиясы тоқтатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана Банкі» АҚ-ның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға лицензиясы тоқтатылды, деп хабарлады ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.

«ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысымен 2018 жылғы 28 мамырдан бастап қоса алғанда 2018 жылғы 29 тамызға дейін «Астана Банкі» АҚ-ның (бұдан әрі - Банк) жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға лицензиясы уақытша тоқтатылады»,- делінген хабарламада. 

Мұндай шешім «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңының 48-бабының 1-тармағы в) тармақшасында көзделген негіздер бойынша, төлем және аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерді үнемі (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) тиісінше орындамағаны үшін қабылданған.  

Лицензия жаңа депозиттерді тартуға және жеке тұлғалардың жаңа банк шоттарын ашуға қатысты уақытша тоқтатылады және Банктің қолданыстағы депозиттері мен клиенттеріне қызмет көрсетуге қатысы жоқ.

2018 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Банктің жеке тұлғалардан қабылдаған депозиттерінің көлемі 53,0 млрд теңгені құрайды. 

Соңғы жаңалықтар