«Астана» банкі үш ӘКК-нің 900 млн теңге бюджет қаражатын қайтармаған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Банкротқа ұшыраған «Астана» банкі үш әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация депозитке салған 906 млн теңге бюджет қаражатын қайтармаған. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация теңгерімінде бар активтер, оның ішінде әкімдіктерден бизнеспен бірлескен жобалар және жарғылық капиталдарын толықтыру арқылы түсетін активтер үлестес тұлғаларға төмендетілген құны (мұндай фактілер «Алматы», «Shymkent», «Солтүстік», «Павлодар», «Каспий», «Жетісу» және «Түркістан» ӘКК-де бар) бойынша сатылады», - деп атап өтеді ол.

Агенттік төрағасының дерегінше, 2019-2021 жылдары өткізу кезінде құнның төмендеуі, шамамен, 6 млрд теңгені құраған.

«Бұдан басқа, 2017-2018 жылдары «Павлодар» (94 млн теңге), «Атырау» (212 млн) және «Байқоңыр» (600 млн) ӘКК басшылығының «Астана банкі» АҚ-ның депозиттік шоттарында жалпы сомасы 906 млн теңге бюджет қаражатын орналастырғаны анықталды. Олар бүгінгі күні банктің банкроттығына байланысты қайтарылмаған», - деді Олжас Бектенов.

2018 жылдың қарашасында Алматы ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты «Астана банкі» АҚ-ны тарату туралы шешім шығарған еді.


Соңғы жаңалықтар