«Астана Балеттің» Нью-Йоркте өнер көрсетуі: Халық залға сыймай қалды

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - «Астана Балет» театры труппасының АҚШ-тың  Нью-Йорк қаласында өнер көрсетуі жергілікті тұрғындар арасында ажиотаж тудырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.





Линкольн-орталықта орналасқан Alice Tully Hall ғимаратының концерттік залы алдында кештің басталуына бірнеше сағат қалған кезде ұзын-сонар кезек қалыптасты. Алайда, залдың сыйымдылығына байланысты өнер сүйер қауымның барлығы концертке кіре алмады.

«Мен балетті жақсы көремін және қазақстандық балет мектебінің хореографиясын тамашалап, ұлттық нақыштың ерекшеліктерін сезінгім келеді. Сондықтан бүгін осында келдім, кіру билетіне қолжеткізгенім үшін қуанып отырмын», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Крис Джонсон.  

Концерт басталмас бұрын көрермендер фойеде «Қазақстан әлем суретшілерінің көзімен» атты фотокөрмесін тамашалады.

«Біз Астана, ЭКСПО-2017, Қазақстанның табиғаты, сондай-ақ қазақстандықтардың дәстүрі мен мәдениеті бейнеленген 50 суретті көрмеге қойдық. Концерт залында бос орын болмады. Бұл кеш ешкімді бей-жай қалдырмағаны сөзсіз - көрермендер әр нөмірді сүйсініп отырып тамашалады», - деді  фотокөрменің ұйымдастырушысы, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театрының директоры Сәбит Әбдіқалықов.




Еске салайық, аталмыш концертті Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады.  

«Астана Балет» театры «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясындағы «Қазақстан Астана Балет Гала» бағдарламасын ұсынды. Бағдарламаға «Арулар», «Ақ қыз», «Әсемқоңыр» хореографиялық миниатюралары, «Щелкунчик» балетіндегі адажионың классикалық редакциясы және басқа да қойылымдар енген.

Соңғы жаңалықтар