«Астана балет» Өзбекстанның Үлкен театрында алғаш рет өнер көрсетеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Өзбекстандағы Қазақстан жылының» аясында танымал «Астана балет» театрының ұжымы өздерінің үздік қойылымдары мен спектакльдерін тарту етпекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

22 тамызда Ә.Навои атындағы Өздекстан Үлкен театрының сахнасында «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы мен «A Fuego Lento» бір актілі балеті көрсетіледі. Ал, тамыздың 24 мен 25 күндері А.Меликовтің «Махаббат туралы аңыз» атты әйгілі шығармасы көрсетіледі. Бұл балеттің Нұр-Сұлтандағы премьерасы зор қошеметпен қабылданды.

«Ташкент қаласына алғашқы гастролін »Астана балет« театры » Ұлы Дала мұрасы« бағдарламасымен ашпақшы. Осы концерттік бағдарлама Қазақстан, Еуропа мен Американың ірі қалаларында көрермен ықыласына бөленген болатын. Себебі, мұнда ұлттық бояуы қанық халық биі ұлттық костюмдер мен музыкалық сүйемелдеумен үйлесім тапқан. Бұл дивертисмент Ұлы Даланың жылнамасына арналған, түрлі стильде жасалған хореографиялық миниатюралардан құралған», делінген хабарламада.

Хореография салтанатының шымылдығын «A Fuego Lento» бір актілі балеті жабады. Неоклассика мәнерінде жасалған спектакльді Бразилядан шақырылған хореограф Рикардо Амаранте қойған. Бұл балет – бразилиялық самбо мен танго мәнеріндегі би ғажайыбы. Бұл қойылымды көрермендер де, балет әртістері де өте ұнатады. Себебі, мұнда құштарлық сезімі, орындаушылықтың зор шыңы көрініс тапқан.

Гастрольдің қалған күндері аңызға айналған «Махаббат туралы аңыз» балеті көрсетілмек. Үш көріністен тұратын балет бастапқыда Мариин театрында көрсетіліп, соңынан Үлкен театр сахнасына ауысты. Қоюшы-хореограф Юрий Григорович. «Астана Балет» театрының сахнасына лайықтап, спектакльдің бүге-шүгесіне дейін, мейлінше дәл қойған Юрий Григоровичтің ассистенттері – Руслан Пронин мен Оксана Цветницкая.

Сюжет негізі – ежелгі парсы аңызы. Апалы-сіңілілі Мехменэ Бану мен Шырын сарай суретшісі Фархатқа ғашық болып қалады. Бозбаланың көңілі Шырынға ауып, Мехменэ Банумен арадағы қатынасы мүмкін болмайды. Себебі, бір кездері патшайым, сырқатқа шалдыққан сіңілісін аман алып қалу үшін сұлулығын тәрк еткен. Сарайдан қашып кеткен ғашықтарды сарбаздар қолға түсіреді. Фархат болса, халқының амандығы үшін махаббатынан бас тартады.

«Астана балет» театры 2012 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Театр ұжымы Ресей, Қытай, АҚШ, Әзербайжан, Франция, Италия, Беларусь, Бельгия, Жапония мен Польшаның әйгілі театрларында өнер көрсеткен.

Соңғы жаңалықтар