«Астана балет» қойылымдары 360 градус форматында көрсетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астана балет» театры 360 градуста тамашалауға мүмкіндік беретін Қазақстандағы алғашқы театрлық стриминг қызметін іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Театрда өткен баспасөз мәслихатында «Астана балет» директоры Александр Совостьянов «AB-MEDIA» театрлық стриминг сервисін құру бастамасы жайлы айтып берді.

«Биылғы жыл баршамызға оңайға соқпады. Десе де, біз үшін жаңа бастамалар енгізу тұрғысында жемісті болды. Бұл жобаны дамыту идеясы кезекті онлайн конференцияда пайда болды. Біз көрерменге жақын болғымыз келді және театрдың көкжиегін кеңейткіміз келді. Бүгін айтып отырған стриминг қызметі де театрға көбірек баруға және сахнада болып жатқан оқиғаларға тікелей қатысуға мүмкіндік береріне үміттенеміз», - деді Александр Совостьянов.


Жаңа стриминг алаңының басты ерекшелігі – тек стандартты толық форматты концерттер, спектакльдер мен деректі фильмдер ғана емес, 360 градус форматында түсірілген қойылымдар да енеді.

360 градустық қойылым арнайы камерамен түсіріледі және барша төңіректі қамтиды.

Қарапайым жалпақ дисплейден тамашалағанда көрермен көрсетілім бағытын панорама ретінде бақылай алады, ал VR-көзілдірік кисе – сол көрсетілім ішінде жүргендей әсер алады.

Қазіргі уақытта 360 градус форматындағы екі спектакльдің түсірілімі аяқталды. Олар – Сергей Прокофьевтың «Күлше қыз» екі актілі балеті және қазақстандық хореограф Анвара Садықованың «Желтораңғы туралы аңыз» бір актілі балеті.


Таяуда спектакль көрсетіліміне билеттер сатыла бастайды және бір билет құны шамамен 500 теңге болмақ.

Билетті әлемнің кез келген өңіріндегі көрермен ала алады және қойылымдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таратылады.

«AB-MEDIA» жобасының авторы Павел Когай театр қойылымдарын үй жағдайында және әлемнің кез келген нүктесінде қалай көруге болатынын түсіндірді.

«2020 жылды онлайн іс-шаралар жылы деп атауға болады. Осы стримингтік жүйемізді таныстыруды жоспарлағанда оның қолжетімді және түсінікті болуын мақсат еттік. Сол үшін стримингтік жүйемізді театр сайтына орналастырдық және мобильді форматта да қолжетімді еттік. Жоғарғы оң жақ бұрышта тіркеу батырмасы бар. Онда электронды пошта мекенжайы мен телефон нөмірін жазып тіркелу керек. Тіркелген соң театр, репертуар туралы ақпарат қолжетімді болады, көрермендер жеке кабинетіне кіріп, өз тапсырыстарын көре алады. «Төлем әдісі» терезесі шыққанда, 500 теңге төлеп, контентті тамашалауға болады. Телефонды виртуалды көзілдірікке салып көруге болады немесе телефонның өзін айналдыруға болады», - дейді П. Когай.


Соңғы жаңалықтар