«Астана Балет» елорда дәрігерлеріне арнап үш қайырымдылық концертін өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері «Астана Балет» театрында коронавирус инфекциясымен күресте мыңдаған адамға демеу бола білген дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлеріне арналған үш қайырымдылық концерті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз үйде оқшауланып отырғанда, дәрігерлер жұмыс орнында қалып, адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін жан аямай күресті. Сол себепті де, біз, жаңа маусымның алғашқы он концертін медицина қызметкерлеріне арнап, осылайша алғысымыз бен құрметімізді білдіргіміз келді», - деді «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.

Астаналық театр әртістері екі бөлімнен тұратын концерттік бағдарламасын тарту етті: Рикардо Амарантенің «LoveFearLoss» бір актілі балеті мен «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті. Осы хореографиялық топтамаға Айгүл Тәти, Анна Цой, Зауырбек Райбаев, Дәурен Әбіров сынды кешегі және бүгінгі қазақстандық балетмейстерлер қойған 13 би миниатюрасы енген.

Концерттің ерекше миссиясы жайлы «Астана Балет» театрының хореографы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти айтып берді.

«Біздің хореографиялық тартуымыз шынайы құрметтен туындап отыр. Біз бұл өнердің емдік қасиетіне сенеміз. Ол рухыңызды асқақтатып, жаныңызды жадыратады. Қазіргідей күрделі кезеңде мұның өзі өте маңызды», - дейді ол.

«Астана Балет» театрының жетекші солисі Айжан Мұқатова да оның бұл ойымен келісіп, іліп әкетті.

«Қиындыққа төзіп, өз өміріне төнген қауіпке қарамай, дәрігерлік міндетін адал атқарып жүрген адамдарға деген құрметім шексіз», - дейді ол.


Жеті жүзден астам адамға арналған көрермен залы бұрынғыдай емес, өзгешелеу көрінді: астаналық санитар дәрігердің қаулысына сәйкес спектакль аудиториясы елу адамнан аспауы тиіс. Алайда, осыншалықты бос залдың өзінде концерттен кейін әртістерге көрсетілген қошемет өте зор еді.

«Ерекше эстетикалық ләззат алдым. Әртістердің пластикасы қандай, шіркін?! Заманауи өрнектерге бай ұлттық нақыштағы би қандай?! Бәрі өте әдемі, өте әсерлі болды. Талантты әртістеріңіз қуанышты көңіл-күйімен бөлісті. Мұны әр көрермен сезінгеніне шүбәм жоқ», - дейді қалалық фтизиопульмонология орталығының дәрігері Гүлнәр Аманжолова.

Театр басшылығы он қайырымдылық концертін өткізуді жоспарлаған, соның алтауы Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында өтті.

Қараша айында театр Қарағанды мен Семейде тағы 4 қайырымдылық концертін өткізбекші.


Соңғы жаңалықтар