Астана автобустарында жолаушылардың мініп-түсу тәртібі өзгереді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қоғамдық көліктерге арналған көлік картасы көптеп сатылған соң, кондукторлардың лауазымы біртіндеп қысқара бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылдың 21 шілдесінде дифференциалды тариф енгізілетін болғандықтан, кондукторлар біртіндеп жұмыстан шыға бастайды. Барлық кондукторды бірден жұмыстан босата алмаймыз, себебі көлік картасын барлығы алып үлгерген жоқ, қолма-қол ақшамен есептесетін жолаушылар әлі де бар. 1-17 шілде аралығында, яғни екі аптада 42 мың карта сатылды.  Бұған дейін 40 мың картаны үш айда сататынбыз. Қазір аптасына 20 мың картадан сатылады», - деп атап өтті «Астана LRT» компаниясының баспасөз хатшысы Науат Азанбаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта.

Оның айтуынша, жұмыстан босатылған кондукторлар кеңесші бола алады.

«Жолаушылардың 70% астамы көлік картасын иеленген соң, кондукторлар қызметі жойылады. Бірақ, оларды жұмыстан шығармаймыз, жолақы төлеудің ақпараттық жүйесі бойынша кеңесші етіп тағайындаймыз. Олар ақпараттық жүйені қалай қолдану қажеттігін, теңгерімді қалай тексеру керектігін үйретеді. Бірақ, олар жолаушыдан ешнәрсе талап ете алмайды, бұл үшін көліктік бақылау жүйесі мен желілік бақылау қызметі бар», - деп түсіндірді баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ, қоғамдық көліктерде жолаушыларды мінгізіп-түсіру тәртібі де өзгереді.

«Кондукторлар кететін болғандықтан, жолаушылар автобусқа мініп-түсу мәдениетін қалыптастыруы тиіс. Ортаңғы есік мүмкіндігі шектеулі және қоларбасы бар жолаушыларға арналған. Ал басқа жолаушылар алдыңғы есіктен кіріп, артқы және ортаңғы есіктен түскендері жөн», - деді Науат Азанбаева.

Соңғы жаңалықтар