Астана автобустарында жолақы төлемеген 60 мыңнан астам адам анықталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан Нұр-Сұлтан қаласының автобустарында билетсіз 60 мыңнан астам жолаушы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат CTS компаниясына сілтеме жасап.

Көліктік бақылау департаментінің (КБД) қызметкерлері билетсіз жолаушыларды анықтау бойынша рейдтерді күнде өткізеді.

Мәлім етілгендей, кейбір азаматтар жол жүру ақысын КБД қызметкерлері автобусқа кірген кезде ғана төлейді. Тек өткен аптада (14-21 маусым) 970 жолаушы жауапкершілікке тартылды. Ал биылғы 1 қаңтардан жол жүру ақысын төлеуден жалтарудың 60 487 фактісі анықталды. Оның ішінде 6 834 жолаушыға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 622-бабы 2-бөлігімен жалпы сомасы 41 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Салыстыру үшін айта кетейік, 2021 жылы автобуста жол жүру ақысын 222 415 азамат төлемеген. Оның ішінде 9900 жолаушы жалпы сомасы 57 млн теңгеден астам сомаға жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ Көліктік бақылау департаменті автобус жүргізушілерінің аялдамаларға кірмеу, қозғалыс аралығын сақтамау, қозғалыс схемасын өзгерту және өзге де мәселелерге мониторинг жүргізеді. Анықталған барлық заң бұзушылық бойынша КБД қажетті шара қабылдайды. Ал жүйелі бұзушылықтарды жою бойынша автобус парктерінің басшылығына ұсынымдар беріледі.


Соңғы жаңалықтар