Астана автобустарында жолақы 200 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қоғамдық көлікпен жүру ақысы қымбаттамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта елорданың автобус паркіндегі электронды төлем терминалын барлық жерге енгізудің соңғы кезеңіне байланысты қоғамдық көліктердің төлем қызметіне сараланған тарифті енгізу мәселесі қаралып жатыр», - деп хабарлады баспасөз мәслихатында «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов.

Оның айтуынша, аталған шара көлеңкедегі айналымды төмендетіп, кейін автобус парктерін үлкейту мен жаңарту, жол жүрудің жайлылық деңгейін арттыруға жұмсалатын тасымалдаушылардың қазіргі табыстарын көбейтуге бағытталған.

«Astra Plat электронды төлем картасы бойынша жол жүрудің нақты бағасы 120 теңге, ал қолма-қол ақшамен 170-200 теңге болады деп жоспарлануда. Тұрғындар үшін өзіндік құн мен нақты тарифтің арасындағы айырмашылықты қызмет сапасын арттыру, автобустарды күту уақытын азайту және тиімділіктің өзге де индикаторларын міндеттей отырып, тасымалдаушыларға субсидия берудің есебінде жабу көзделуде», - деді Бекмырза Игенбердинов.

Ол өз сөзінде тарифтер ҚР Көлік және коммуникациялар министрінің бұйрығымен бекітілген, тұрақты бағдарлар бойынша жүктер мен жолаушыларды тасымалдау бойынша қызмет көрсету есебі Әдістемесіне сәйкес қаралғанын атап өтті. Аталған бұйрыққа сәйкес, тасымалдаудың өзіндік құны орташа есеппен барлық бағдар бойынша 301 теңгені құрайды.

«Жалпы, жол жүру бағасын көтерудің басты факторы дизельдік отын бағасының 40 пайызға, қажетті құрал-жабдықтардың бағасы 2014 жылмен салыстырғанда 1,5-2 есеге (сол кезде баға 90 теңге болып бекітілген) қымбаттауы болып отыр. Бұған қоса автобус парктері қызметкерлерінің айлық төлемақы деңгейін арттыру қажеттілігінің де әсері бар. Қазіргі тариф бойынша оны жүзеге асыру мүмкін емес. Мынаған назар аудара кету керек: аталған ақпарат келісілу сатысында және жуық арада қоғамдық кеңес пен қалалық мәслихат депутаттарының қарауына жолданады. Депутаттардың ой-пайымының есебімен түпкілікті шешім қабылданады», - деді «Астана LRT» басшысы.

Соңғы жаңалықтар