Астана автобустарында жол жүру ақысы өзгеруі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун құрылыс және көлік саласы бойынша халық алдында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есеп беру барысында ол қала автобустарындағы кондукторлардың дөрекілігімен күрес туралы тұрғындар сұрағына жауап берді.

"Кондукторлардың дөрекілігімен күресіп жатырмыз. Бұл кондукторлардың жұмысымен және көп ескертулер айтылатын жүргізушілермен байланысты кешенді мәселе. Оны шешу үшін кешенді бағдарлама жасап жатырмыз", - деп атап өтті Сергей Хорошун "Астана" концерт залында өткен халыққа есеп беру барысында.

Оның айтуынша, мәселені шешу үшін ең алдымен автобустардағы нақты жол жүру шығындарын анықтау керек.

"Қазіргі тариф үш жыл бұрын енгізілген және қазіргі автобустардың 62 проценті жап-жаңа, қалғандарын біртіндеп жаңартудамыз. Мәселені шешудің екі жолы бар - тарифтерді көбейту немесе субсидиялау. Алғашқы жартыжылдықта аталған мәселені шешуді жоспарлап отырмыз", - деп атап өтті Астана әкімінің бірінші орынбасары.

Сонымен бірге, С.Хорошун жол ақысын төлеуде кондукторлар мен жүргізушілердің ықпалы азаятынын мәлімдеді.

"Бүгінде кондукторлардың еңбекақысын төлеуде қиындықтар бар, оның үстіне талапқа сай келмейтін адамдар жұмысқа қабылданған. Бұл тұрғыда біз алғашқы қадам жасадық - кондукторлар мен жүргізушілердің жол ақысын төлеуге ықпалын азайттық. Яғни, жол ақысын төлеудің электронды жүйесін енгіздік. Енді автобус ішіндегі валидаторлар жұмыс істемесе, жолаушы тегін жүре алады. Тұрақты валидаторы жоқ автобустардың кондукторларына қозғалмалы валидаторлар берілген", - деп өз сөзін түйіндеді С. Хорошун. 

Есепте келтіріген деректерге сәйкес, 2017 жылы қоғамдық көліктер паркі 380 жаңа автобуспен толыққан. 200-ден астам ескі автобус қолданыстан шығарылған.

Соңғы жаңалықтар