Астана ауруханасында менингит жұқтырды деген күдікпен үш науқас жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана жұқпалы аурулар ауруханасына «менингококк инфекциясы» болуы мүмкін деген диагнозбен түскен науқастардың жағдайы туралы еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері менингококк инфекциясы расталған 60 жағдай болды. Бүгінде 27 науқас жазылып шықты. 20 науқас емделіп жатыр. Оның 13-і Алматыда, үшеуі - Астанада (2 ересек, 1 бала). Астанадағы науқастар бойынша - ең бірінші болып А. есімді азамат ауырған. Ол 5 маусымда науқастанып, 6 маусымда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түсті. Ол жерде науқасқа «менингококк инфекциясы» болуы мүмкін деген диагноз қойылған. Бізде бактериологиялық зерттеулердің нәтижесі алынғаннан кейін (4-5 тәулік) диагноз расталмайтын жағдайлар болды. Екінші жағдай - М. есімді азаматша 6 маусымда осындай диагнозбен ауруханаға түсті. Ол бұдан бұрын ауырып бастаған. Ауру белгілері әдеттегідей, басы ауырған, қызуы көтерілген, тамағы ауырып, денесінде бөртпелер пайда болған. Ол қазір ем қабылдап жатыр. Біз бактериологиялық зерттеулердің нәтижесін күтіп отырмыз. Бір науқас жансақтау бөлімінде. Бірақ, қазіргі таңда жағдай тұрақты, жүйелі түрде ем алып жатыр», - деп хабарлады ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин ОКҚ баспасөз мәслихатында. 

Соңғы жаңалықтар