Астана әуежайында рейстер кешіктірілуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев әуежайында рейстер кешіктіріліп, кейінге  қалдырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуежай сайтындағы электронды табло мәліметтеріне сәйкес, таңертеңнен бері Air Astana компаниясының Алматыға, сонымен қатар Қостанайға сағат 15-00-де ұшып кетуі тиіс рейсінің кейінге қалдырылғаны жарияланған. Сондай-ақ «Bek Air» әуе компаниясы да Астанадан Алматыға қатынайтын  рейсінің кешіктірілетіндігін хабарлаған. Әуе компаниясының мәліметінше, Z9-2121 рейсінің кешіктірілуіне техникалық себептер түрткі болған.

«Қазіргі уақытта техникалық департамент ұшуды мүмкіндігінше жақын арада жүзеге асыру үшін барлық әрекетті жасап жатыр. Жолаушылар әуе тасымалын орындау көптеген факторларға тәуелді және біз сіздердің сапарларыңыз қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін барынша күш-жігер жұмсаймыз. Ұшақ ұшуының жаңа уақыты жайында СМС арқылы құлағдар боласыздар. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз», - делінген компания таратқан ақпаратта.

Мұнан бөлек,  Scat компаниясы да 15-45-те ұшып шығуы тиіс Шымкент бағытындағы рейсті үш сағатқа кешіктірмек.

Ал ұшып келулерге тоқталсақ, Air Astana компаниясының Алматыдан 10-30-да ұшып келуі тиісті рейсі кейінге қалдырылып отыр. Сондай-ақ дәл осы компанияның Үрімжі мен Павлодардан келуі тиіс ұшақтары да кешігіп жатыр. «Scat» компаниясының да Шымкенттен келетін рейсі де кешігеді. «AtlasGlobal» әуе компаниясының да Анталиядан келетін рейсі де біршама уақытқа кеш келіп қонады.

Соңғы жаңалықтар