Астана әуежайына Қазақстан азаматтары мінген арнайы рейс қонды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әуежайына Қазақстан Республикасының азаматтары мінген арнайы рейс қонды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұшақ бортында 16 қазақстандық болған.

Қазақстандық құтқарушылар Газиантеп қаласының орталығында іздеу жұмыстарын бастап кетті.

Бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркия Республикасына елдің оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеру үшін шұғыл көмек көрсетуді тапсырған болатын.

Түркияға 41 адамнан тұратын топ барды, республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушыларынан бөлек, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері де бар. Оларды Газиантепте Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің өкілдері қарсы алды. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері келген бойда техника мен құрал-жабдықтарды түсіріп алған.

Бұған дейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Түркияның зардап шеккен аймақтарына 125 дәрігерден тұратын бригада жіберуге дайын екенін мәлімдеген.

Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 3419-ға жетіп, 20538 жараланғаны хабарланды. 5775 ғимарат қирап қалды. Апат аймағына көрші облыстардан техника мен өрт сөндіру машиналары жөнелтіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар