Астана әуежайы заңсыз автотасымалдаушыларды анықтайтын жүйе енгізуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Заңсыз автотасымалдаушылармен күресу мақсатында «Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайына автокөліктің нөмірлік таңбаларын танитын жүйе енгізіліп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы Астана әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында «AстанаLRT» ЖШС басқарма басшысының көлік жөніндегі орынбасары Рустам Халилев мәлім етті.

«Біз автокөліктің нөмірлік таңбаларын танитын технологияны іске қосып жатырмыз. Әуежайға жиі келетін автокөлік, яғни заңсыз тасымалдаушы автотұрақтың алғашқы тегін 30 минутын пайдалана алмайды.  Әуежайға 30 минут сайын қайта келген автокөліктің нөмірі назарға ілінеді және көлік жүргізушісінен бұған дейінгі тұрған уақыты үшін төлем алынады. Бұл заңсыз тасымалдаушылардан құтылуға мүмкіндік беретін арнайы шара. Қазіргі уақытта бұл шара техникалық тұрғыда енгізіліп, тестілеуден өтіп жатыр», - деді Рустам Халилев. 

Еске сала кетсек, «AстанаLRT» ЖШС өкілдері «Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайы аумағындағы автотұрақ бағасының қымбаттығына қатысты түсініктеме берді . Ондағы тарифке сәйкес, әуежай маңындағы қысқа мерзімді автотұрақта 30 минут тегін тұруға болады, бір сағатқа - 300 теңге, келесі сағат үшін - 400 теңге, одан кейінгі сағаттарға 1500 теңгеден төленуі тиіс.

Одан бөлек, әуежай маңында 266 орындық ақылы жабық паркинг орналасқан. Онда тәулігіне 2 мың теңге төлеп, көліктерді ұзақ мерзімге қалдыруға болады.

Соңғы жаңалықтар