Астана аудандары әлеуметтік параметрлер бойынша теңестіріледі - әкімдік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың барлық аудандары 34 әлеуметтік параметр бойынша теңестіріледі. Бұл туралы Астана әкімінің орынбасары Малика Бектұрова «Жібек жолы» халықаралық бірлескен инновациялар форумында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әзірге «Смарт-Астана» бағдарламасы аясында 20 жоба енгізлген тізім анықталды. Олардың бір бөлігі жүзеге асырылды және қалған бөлігі іске асырылып жатыр. Олар тұрғындарға қаланы ыңғайлы етуге бағытталған. Мұнда қаланың қауіпсіздігін қосымша қамтамасыз ететін бейнебақылау жүйесін құру секілді жобалар бар. Сондай-ақ, жарықтандыру мен энергия-газ шығынын азайту жүйесін құру, қала құрылысы сынды жобалар бар. Қаланың барлық аудандарын инфрақұрылымға бірдей мүмкіндікпен қамтамасыз ету үшін аудандар 34 әлеуметтік параметр бойынша теңестіріледі», - деді М.Бектұрова.

Сонымен бірге, әкімнің орынбасары елордада энергия шығыны мен көмірқышқыл газын бөлуді азайту бойынша 50-ден астам жобаның жүзеге асырылғанын хабарлады. Нәтижесінде Астананың жалпы аймақтық өніміндегі энергияның жұмсалу жүктемесі 3 пайызға төмендеген. Және білім беру мен қауіпсіздік салаларында мемлекеттік-жеке серіктестіктің 8 жобасы бойынша келісімдер бекітілген. Қалада 400 гектардан астам парк бар, қосымша 19 саябақ пен желекжолдар мен ботаникалық бақтың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қала айналасында рекреациялық (демалыс) аймақ құру үшін аумағы 25-тен 100 гектарға дейін жер телімі бөлінді. Сондай-ақ, бизнеске қала маңындағы көлдерді қалпына келтіру ұсынылып отыр.

Соңғы жаңалықтар