Астана атауын өзгертуде конституциялық құқық бұзылған жоқ - сарапшы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі Унзила Шапақ Астананың атауын өзгерту процедурасы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, елорда атауын өзгерту жұмыстары Конституция талаптарына сәйкес жүргізілді.

«Елордамыз - Астананың «Нұр-Сұлтан» деп аталуына Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өте ризамын. Ал енді заңгер ретінде қарастырар болсақ, Заң жобасы Үкіметтен келіп, Президентке түсті. Президент Конституцияның 91-бабына сүйеніп, Үкіметтің заң жобасын Конституцияға сәйкес келетіні-келмейтіні туралы мәселе көтерді. Конституцияның 91-бабының 2-тармағында өзгермейтін, өзгертуге болмайтын құндылықтарымыз көрсетілген: яғни мемлекетіміздің тәуелсіздігін, республикамыздың аумақтық тұтастығын, мемлекетіміздің басқару нышанын, Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы Тұңғыш Президент - Елбасы қалап берген республика қызметінің түбегейлі принциптерін және Елбасы мәртебесін өзгертуге болмайды. Сондықтан, Конституциялық Кеңес Үкіметтен келіп түскен заң жобасын осы нормаға сәйкес немесе сәйкес еместігін қарап, оң тұжырым берді», - деп атап өтті ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Конституциялық Кеңес тұжырымын алған соң, Президент өкілеттігін қабылдаған тұлға Конституция талаптары негізінде республикалық референдум немесе Парламент қарауына беру арқылы өзгерту мен толықтырулар енгізуді қарастырады.

«Біздің жағдайда Президент Парламенттің қарауы туралы ұйғарым жасады. Сондықтан, Заң жобасы Парламентке келіп түсті. Сондықтан, ел астанасының атауын өзгертуде конституциялық құқық еш бұзылған жоқ», - деді Унзила Шапақ.

Конститутциялық кеңес мүшесі қалаларға тұлғалардың есімін берудің әлемдік практика екенін еске салды.

«Мемлекетімізді бейбіт, азаматтық қоғамды құруымызға, барлық адамдардың лайықты өмір сүруіне, оның халықаралық аренада беделді болуына жауапкершілікті мойнына алып, өзінің үлесін қосқан - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Әлемде онға жуық мемлекеттің атауы - тарихи тұлғалардың есіміне берілген. Одан бөлек, тұлғалардың есімі берілген қалалар бар. Біз еш жаңалық жасап отырған жоқпыз. ҚР азаматы ретінде Елбасына деген құрметім өте зор», - деді Унзила Шапақ.

Еске сала кетсек, 20 наурызда Президент міндетін уақытша атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар